Ақтауда іскерлік туризмді дамыту форумы өтті
Ақтауда әлем елдерінен және аймақтардан 300-ден аса туристік бизнес өкілінің қатысуымен жаһандық форум өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».
Іс-шараға аймаққа жұмыс сапарымен барған Үкімет басшысы Әлихан Смайылов қатысты. Премьер-министр инвесторларды еліміздің туризм саласына ұзақ мерзімді инвестиция салуға шақырды.
Талғат Исламұлы, тілші:
- Жаһандық форумға Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің министрлері, халықаралық қонақүйлер және әуе компаниялар желілерінің басшылары, ірі туроператорлар, инвесторлар мен сарапшылар қатысып жатыр. Үкімет басшысы шетелдік меймандарды отандық туризмді дамыту шараларымен таныстырып, осы бағытта «зәкірлік» жобалар іске асатын маңызды 10 туристік аймақ туралы әңгіме қозғады.
Соның бірі – Каспий теңізінің жағалауы. «Фаунасы ерекше, көркем жағажайлары мен ежелгі көрікті жерлері бар мекенде турист үшін барынша қолайлы жағдай жасауға ниеттіміз. Бұған мемлекеттің де, жеке сектордың да күш-жігері бағытталып отыр», - деді Әлихан Смайылов.
Әлихан Смайлов, ҚР Премьер-министрі:
- Туризмді дамытуға, ежелгі салт-дәстүрімізді насихаттауға үлкен мән береміз. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев туризмді дамытуға ерекше көңіл бөліп отыр. Өзінің биылғы Жолдауында туризм саласында серпінді жобаларды іске асыруды тапсырды. Сонымен қатар жаңа Туризм және спорт министрлігі құрылды. Алдағы 7 жылға тиісті тұжырымдама қабылданды. Біз негізгі 10 туристік дистинацияны белгіледік. Онда туризм саласындағы «зәкірлік» жобалар іске асырылатын болады.
Қазіргі уақытта Қазақстанда азаматтары визасыз еркін жүре алатын мемлекеттердің саны 80-ге дейін артты. Сонымен қатар халықаралық әуе қатынасының ауқымы жыл санап кеңейіп келеді. Жаңадан туристік әуе бағдарын ашуға ниетті инвесторлар да бар.
Вахид Хайдари, туристік компания директоры:
- Дубайдан Алматыға дейін аптасына 5 рет ұшақ қатынайды. Ақтауға да осылай туристік маршрут әкелсек деген ұсынысымыз бар. Айта кету керек, Қазақстанның табиғаты бай әрі ерекше. Өзім Каспий жағалауына жыл сайын келемін. Ақтау Алматыдан кейінгі туристік қала деп санаймыз.
Соңғы 3 жылда еліміздің туризм саласына 4 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция құйылған. Нәтижесінде 400-ден аса туристік нысан бой көтерді. Арасында 20-дан аса әлемге танымал қонақүй желілері бар. Премьер-министр форумға қатысушыларды келер жылы Астанада өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысуға шақырды. Жаһандық маңыздағы шара аясында қазақстандық және шетелдік компаниялар өзара ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев, Ренат Досалиев.