Қазақстандық параспортшылардың әлеуеті жоғары
Қазақстандық параспортшылардың әлеуеті жоғары. Сала мамандары осылай дейді.
Жүзумен айналысатын жасөспірімдер қазірдің өзінде халықаралық жарыстарда жүлделі орын алып жүр. Астанадағы балалар-жасөспірімдер және мүгедектігі бар адамдарға арналған спорт мектебінің алты шәкірті келер жылы әлемдік додада бақ сынайды.
Ерекше Балалардың, ебін тапқан еңбек адамы:
- Жеңіл атлетикадан облыстық жарыстарда жүлделі орын алып, футбол, волейбол, баскетболдан қалмаған Бақытжан Жұмабаев бала күннен спортқа бейім. Студент кезінде күреспен де айналысқан. Бірақ белінен жарақат алып, жаттығулардан бас тартуға мәжбүр болды.
Бақытжан Жұмабаев, қалалық балалар-жасөспірімдер спорт мектебі, мүгедектігі бар адамдарға арналған спорт мектебінің жаттықтырушысы:
- Денсаулық кішкене сыр берген соң, күресуге болмайды, секіруге болмайды, грыжа болған соң, жүзуге болады деді. Сонымен жүзумен айналыстым. Астанада жүзу саласында 2011 жылдан бастап істеп жатырмын.
Сауықтыру тобына сабақ беруден бастаған Бақытжан Жұмабаев бүгінде паражүзуден жаттықтырушы. 2019 жылдан бері Астанада балалар мен мүгедектігі бар жандарға жүзу техникаларын үйретеді. Түрлі жарыстарға дайындап, шеберлігін шыңдайды.
Ерсұлтан Наметуллаев, қала тұрғыны:
- 8 жыл болды жүзуге қатысқаныма. Бес рет Қазақстан чемпионы болдым. Осы қала бойынша жарыстар болған. Ақтөбе, Тараз, Қарағанды - сол үш қалада болғанмын. Негізі жақсы тренер.
Бақытжан Жұмабаевтың шәкірттері жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Биыл көктемде Таразда өткен жастар арасындағы Қазақстан біріншілігіне қатысқан бес баланың бәрі олжамен оралған. Жүзушілер төрт жылда бір рет болатын паралимпиадада командалық есеп бойынша бесінші орын алды. "Ерекше балалармен жұмыс істеген жігерлендіреді", - дейді жаттықтырушы.
Бақытжан Жұмабаев, қалалық балалар-жасөспірімдер спорт мектебі, мүгедектігі бар адамдарға арналған спорт мектебінің жаттықтырушысы:
- Қарамағымда қазір 12 спортшым бар. Өзіміздің Астана қаласының сборный командасы. Балалармен жұмыс істеу өте қызық. Мен енді Оқушылар сарайында қарапайым балалармен де жұмыс істеймін ғой. Оларға қарағанда, бұлардың күш жігері, өмірге деген сүйіспеншілігі, бір биіктен көрінейінші деген қабілеттері күшті.
Параспортқа келгендердің көңілін тауып, түрлі техникаларға үйрету оңай емес. Бірақ өз ісін сүйетін маман бәріне көнеді. Бастысы - нәтиже. Сондықтан бапкер бұл бассейннен болашақ чемпиондар шығатынына сенімді.
Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Асхат Қарақойшиев