Болашақта елімізде жаңартылатын энергия көздерінің үлесі 80%-тен асуға тиіс
Елдегі жаңартылатын энергия көздері қазбалы энергетикалық ресурстарды алмастыра алады.
Сарапшылар осылай деп отыр. Бүгінгі күні көптеген «жасыл» жобалар жылу электр станцияларымен тең дәрежеде бәсекелесе алады. Біріккен Ұлттар Ұйымы Даму бағдарламасы өкілінің айтуынша, жел электр станциялары мен күн панельдерін орнату шығындарының 35%-ін мемлекет өз мойнына алған.
Президент биылғы Жолдауында елдің энергетикалық құрылымының өзгеретінін айтты. Қазір бұл бағыттағы жұмыс қарқынды жүріп жатыр. 2060 жылға қарай біздің елде жаңартылатын энергия көздерінің үлесі 80%-тен асуға тиіс.
Ерлан Дайырбеков, БҰҰДБ жаңартылатын энергия көздері бойынша жобаның менеджері:
- Қазір Қазақсанда жаңартылатын энергия көздері 2,5 мың мегаватқа жуық қуат өндіреді. Бұл елдегі жалпы энергияның шамамен 10%-іне тең. Біріккен Ұлттар Ұйымы Даму бағдарламасы мен Энергетика министрлігінің бірлескен жобасы бар. Оның аясында жаңартылатын энергия көздерінің технологиясын енгізуі үшін бірқатар ұсыным әзірленді.