Риддердегі жылу орталығы қысқа 80% дайын
Риддер қазандығы қысқа 80% дайын.
Бұл жайында Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың аймаққа сапары барысында белгілі болды. Апатты қазандықты қалпына келтіру үшін Үкімет резервінен 8 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалды. Стратегиялық нысанды мемлекет меншігіне алу мәселесі де шешімін тапты.
Риддердегі жылыту орталығы соңғы 20 жылда әбден тозды. Апатты жағдайдағы ғимарат иелері қазандықты жаңғыртпақ түгілі, қажетті жөндеу жұмыстарын да жүргізбеген. Салдарынан қала жылусыз қалғаны белгілі. Қазір стратегиялық нысанды коммуналдық меншікке беру үшін құжаттары рәсімдеріп жатыр.
Айта кетерлігі, жылыту орталығы мемлекет қаржысына жөнделген болатын. 700 тоннаға жуық құбыры ауыстырылып, қазандықтары қайта жаңғыртылды.
Дәулет Батырбаев, Риддер қаласының әкімі:
- Біз қазір қазандықтарды қосып, жұмысын тексеріп жатырмыз. Жылыту маусымы басталған кезде 3 қазандық жұмыс істейтін болады. Бірақ олардың екеуі үздіксіз істеп тұрады. Минус 10 градусқа дейінгі ауа райында сол 2 қазандықтың жылуы жеткілікті.
Жылыту мекемесінде былтыр істен шыққан ескі сорғылар да ауыстырылды. Соның есебінен биыл мәселе туындамайды, - дейді бұл іске жауаптылар. Қазір кәсіпорын жергілікті коммуналдық қызметтің меншігінде. Ал бұрынғы басшылығы келер аптаға дейін қазандықтың 65 миллион теңге қарызын өтеп, орнын босатады.
Бақытжан Баяхметов, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары:
- Риддер ТЭЦ-те істеп жатқан жалпы жұмысшылармен келісімшартқа отыру мәселелері жүріп жатыр. Қосымша бұған көмірменен мазут жеткізу жөнінде тиісті мердігерлермен келісімшарт жасалады. Дүйсенбіден бастап жалпы жылу тұтынушылармен келісімшарт жасау жұмыстары басталады.
Энергетиктердің мәліметінше, қарашаның қара суығында мекемедегі 6 қазандықтың төртеуінің жылуы жеткілікті болады. Қатты аяз болмаған кезде 2 қазандық резервте болады.
Айта кетерлігі, өткен қыста апатты орталық 2 қазандықпен амалдап шыққан болатын.
Авторлары: Мерей Бает, Вячеслав Ветлугин.