Қызылорда облысында ауыл инфрақұрылымы жаңғыртылып жатыр
Қызылорда облысындағы ауылдық елді мекендердің әлеуетін көтеру үшін биыл 17 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді.
Қаражат инженерлік-инфрақұрылымды жаңғыртып, әлеуметтік нысандарды салуға жұмсалды.
Қызылорда облысындағы ауылдық елді мекендердің әлеуетін көтеру үшін биыл 17 миллард теңгеден астам қаржы бөлінді. Оған инженерлік-инфрақұрылым жаңғыртылып, әлеуметтік нысандар салынуда. Нәтиже қандай? Осы сауалдың жауабын іздеген өңірдегі әріптесім Нұрлан Жақыпбеков шалғай ауылдардың тыныс-тіршілігімен танысты.
Биыл Қазалы ауданындағы Абай ауылын газдандыру жұмыстары жүріп жатыр. Жоба аясында елді мекендегі 293 жеке үй мен 8 әлеуметтік нысан көгілдір отынға қосылады.
Әбутәліп Бердіқұлов, Абай ауылының тұрғыны:
- Көбінесе жастар қалаға кететіні осыдан ғой енді. Шүкір енді тұрақтайды деп ойлаймыз. Өйткені газ келіп жатыр, ауызсу бар, мектеп бар, емхана бар.
Бүгінде Қазалы ауданы бойынша жеке тұрғын үйлердің 65 пайызы табиғи газбен қамтылған. Алдағы уақытта тағы 5 ауылдың тұрғындарын пеш жағып, күл шығару бейнетінен арылту үшін құрылыс жобасын әзірлеу қолға алынған. Десе де, ауылдардағы жарықтың да жағдайы мәз емес. Электр желілерінің 80-90 пайызы тозған.
Нұрбек Күзембаев, Қазалы аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы:
- Аулыдық елді мекендердің электр желілері ескі, кеңес үкіметі кезінде салынған.Барлығы ескеріп, пайдалану мерзімі аяқталған. Биылғы жылы 6 елді мекенге электр желілерін жаңартуға жобасын әзірлеп, республикалық бюджетке қаржыландыруға ұсынып қойдық.
Қазалы ауданы елді мекендерінің биыл 45 көшесі жөндеуден өтіп жатыр. Мұнан бөлек ауыларалық 30 шақырым жол асфальтталуда.
Мұрат Әбсұлтанов Қазалы аудандық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:
- Жалпы аудан бойынша жол жөндеу жұмыстары бойынша 3 миллард теңгеге жуық қаржы бөлініп, қазіргі таңда жұмыстар қарқынды жүруде. Атап айтатын болсақ, Қожабақы мен Бозкөлдің арасына 15 шақырымы, Қожабақы мен Жалпақтың арасындағы 15 шақырым, Мұратбаев ауылына кіреберіс жолдарын орташа жөндеу бойынша жалпы 35 шақырымға қазір орташа жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.
Ал облыс бойынша жергілікті маңыздағы 366 шақырым автомобиль жолдарының жақсы жағдайдағы үлесі биыл 87 пайызға жеткізіледі. Аймақтың елді мекендерін газбен қамту 75 пайызды құраса, облыс тұрғындарының 98 пайызы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылып отыр.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев, Айтмұхамбет Байділдаев