Ақмола облысында жұмысшы мамандары сұранысқа ие
Адамды адам еткен – еңбек.
Бұл сөз көкшетаулық жас маман Дәмір Шәкеевтің өмірлік ұстанымына айналған. Ол қазір Зеренді ауданындағы ірі өндіріс ошағында жетекші инженер болып істейді. Биыл «Еңбек жолы» байқауында жас жұмысшының бағы жанып, «Өндірістің үздік жас маманы» атанды.
Дәмір Шәкеевтің күнделікті жұмысы осы. Өндіріс ошағындағы автоматтандырылған техникалық жүйеге жауап береді. Төрт жыл бұрын еңбек жолын осы кәсіпорында қарапайым слесарьден бастады. Міне, содан бері тынымсыз еңбектің нәтижесінде жетекші инженер лауазымына дейін көтерілді.
Дәмір Шәкеев, жетекші инженер:
- Адамды адам ететін – еңбек. Сол себепті адал еңбек қашанда өз бағасын алады. Мен әлі жас маманмын. Сондықтан бұл саладан әлі үйренерім көп. Қазіргі жұмысым ауыр болса да, өзіме ұнайды. Күнде бір жаңа нәрсені үйреніп тұруға тырысамын.
Жалпы өндіріс орнында екі мыңнан астам адам еңбек етеді. Олардың қатарында Дәмір секілді жас маман көп. Жұмысшыларды ынталандыру мақсатында кәсіпорын зор қолдау көрсетіп келеді.
Уәлихан Мұхамедалиев, кәсіпорынның бөлім басшысы:
- Жас мамандардың жұмысқа деген ынтасы жақсы. Олар бәрін біліп, үйренгісі келіп тұрады. Тек оларға жан-жақты қолдау көрсете білу керек. Біз жас мамандарды тегін баспанамен қамтамасыз етіп отырмыз. Яғни олар тұрғылықты пәтерін алғанша қызметті баспанада тұрады.
Қазір өңірде жұмысшы мамандықтары сұранысқа ие. Әсіресе, осындай ірі кәсіпорындарда маман тапшы. Сол себепті аймақтағы білім ошақтарында заңгер, экономистерді азайтып, кәсіптік-техникалық маман иелерін көптеп дайындау ісі қолға алынды.
Авторлары: Абзал Балтабаев, Виктор Полянный