Жол сақшысына пара ұсынған 99 жүргізуші ұсталды

Биыл жол сақшыларына пара ұсынған 100-ге жуық жүргізуші ұсталды.

Бармақбасты, көзқысты әрекетке барғандардың көбі ұсынған ақшасының 20-30 есе көлеміндегі айыппұлын төледі. Мәселен, түркістандық тұрғын жергілікті полиция бөлімі бастығының орынбасарына 50 мың теңге беремін деп, 750 мың айыппұл арқалап кетті. Алматылық тұрғын пробация қызметінің өкіліне 10 мың теңге пара бергісі келіп, 2 жарым жылға сотталды. Мұның бәрі Интегрити чек жобасы арқылы іске асып жатыр.

Әділғожа Құсайынов, ҚР ІІМ өзіндік қауіпсіздік департаментінің басқарма бастығы:

- Ел тұрғындарын полиция қызметкерлеріне пара ұсынбауға шақырамыз. Өйткені олардың қызметі төсіндегі жетоны арқылы тікелей эфирде тексеріліп отырады. Осыған байланысты тәртіп сақшылары, оның ішінде әсіресе жол сақшылары өзіне пара ұсынған кез келген азамат туралы шұғыл түрде хабар береді. Бұл шаралар полиция жұмысының ашықтығы мен қызметінің адалдығын тексеруге және өзіндік қауіпсіздігін сақтауға бағытталған.