«Киелі табиғат» акциясына ұлытаулық жастар үн қосты
«Киелі табиғат» жалпы-республикалық акциясына ұлытаулық жастар да үн қосты.
Тарихи өлкедегі киелі орындарда сенбілік ұйымдастырып, экологиялық мәдениетті арттыру мақсатында түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Ал туристер жиі аялдайтын Әулиетау бөктерінде өткен тазалық шарасына орманшылар да бір кісідей атсалысты.
Ұлытауда киелі орындар картасына енген 25 тарихи-мәдени ескерткіш бар. Соның бірі – Әулиетау. Етегінде ем бұлағы сарқырап жатқан жерде жаз бойы кісі аяғы арылмайды. Сондықтан, экологиялық сенбілікке шыққан негізгі күш осында жұмылдырылды. Тазалық шарасына «Ұлытау» ұлттық табиғи паркінің жеке құрамы мен арнайы техникалары тартылды.
Ерден Рахманяев, "Ұлытау" ұлттық табиғи паркінің бөлім басшысы:
- Осы Әулиетау туристік соқпағына жаз бойы келушілердің саны жылдан жылға артып жатыр. сол себепті, демалушылардың көп болуына байланысты ластану деңгейі де жоғары. Сол себепті, осындай киелі жерлерге тазарту жұмыстары ұлттық парк тарапынан да аптасына 2-3 рет ұйымдастырылып тұрады.
Киелі орындардың көбі былтыр құрылған ұлттық табиғи парк аумағына өткен. Сондықтан, бақылау күшті. «Нәтижесінде саяхаттаушылардың да экологиялық мәдениеті артып келеді» дейді белсенді жастар.
Ақерке Кәрімова, Ұлытау аудандық жастар ресурстық орталығының инспекторы:
- Саяхатқа шыққаннан кейін өздерінің соңдарынан қоқыстарын бір жерге жинап, өртеп сондай бір жақсы бастамалар басталып жатыр. енді,қазіргі таңдабіз республикалық киелі табиғат акциясына белсене атсалысудамыз. Біз қолдаймыз бұндай акцияларды, аудан жастары. Себебі, табиғатты аялау керек. Қорғау керек, сақтау керек.
Тазалық акциясы облыстың өзге аудандарында да белсенді түрде ұйымдастырылды. Еріктілер мен экобелсенділер Арғанаты тауының бөктерінде және Хан Ордасында сенбілік өткізді. Қоқыс тазалап қана қоймай, жасыл желектерді түптеп, орман-тоғайды қураған ағаштан арылтты.
Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев, Гүлшаһира Серекбаева