Елдің жауынгерлік теңіз флоты отандық үлгідегі жаңа кемелермен толықты
Тәуелсіздік жылдары елдің жауынгерлік теңіз флоты отандық үлгідегі жаңа кемелермен толықты.
Судағы әскер қатарында жаңа күштік құрылымдар пайда болды. Мысалы Ақтаудағы әскери теңіз базасында сүңгуірлер ротасы бар. Су астында әрекет ететін арнайы жасақ десантты-шабуылдау әскерлерімен бірлесе қимылдайды.
Әскери сүңгуірлер соңғы үлгідегі қару-жарақпен жабдықталған. Олар суға ауа көпіршігін шығармайтын оттегі баллонымен тыныстайды. Арнайы жасақ лаңкестер басып алған кеме немесе теңіз инфрақұрылымына дыбыссыз жақындап, жаудың көзін жоюға машықтанған. Аға матрос Заманбек Бақтыгереевтің жауапты, әрі қатерлі қызметте жүргеніне 3 жылдан асқан.
Заманбек Бақтыгереев, сүңгуірлер ротасының аға матросы:
- Кез келген әскерлерден бұрын бірінші келу - біздің ең басты мақсатымыз. Осы сала қатерге толы, ол рас. Күн демей, түн демей команда түскен жағдайда біз қашанда дайынбыз.
Су астында әрекет ететін жасақ қазақстандық зауытта жасалған оқу-жаттығу кешенінде қысы-жазы біліктілігін шыңдайды. Жағалауда тұрған нысанның биіктігі 14 метрге жуықтайды. Соның 6 метр бөлігіне теңіз суы толтырылған. Сүңгуірлер тобы су астында жасайтын іс-әрекетін осында қайталайды. Кешеннің кеме палубасына ұқсас бөлмесіне арқанмен өрмелеп шығу, каюта ішіне бекінген қарсыластың көзін жою үнсіз, әрі мейлінше жедел атқарылады.
Жәнібек Салықбаев, сүңгуірлер ротасының командирі:
- Су астынан келеміз. Келгенімізді ешкім байқамау керек біздің келгенімізді. Түнде келеміз гидрокостюмдер қара түсте болғандықтан кейін бізді ешкім көрмейді. Су астында ататын арнайы пистолеттер бар. СПП-1 деп аталады.
Осылайша сүңгуірлер десантты-шабуылдаушы топқа жол ашып береді. Одан әрі күштік құрылым плацдармға бекініп, жауды талқандайды. Теңіз десантшыларының жаттығуы да оңай емес. Ала жолақ жейделі сарбаздар күнде жағалау жиегімен бірнеше шақырым жер жүгіреді. Қарумен және атыс құралынсыз жекпе-жек ұрыс тәсілдеріне үенеді.
Талғат Исламұлы, тілші:
- Бүгін теңіз суының температурасы +15, +16 градус шамасында. Яғни, суық деп айтуға болады. Бірақ, бұған қарамастан сарбаздар өзіне берілген тапсырманы орындауға тас-түйін дайындығын осындай жаттығумен көрсетіжатыр.
Назар Назарұлы, матрос:
- Бұрында Каспий теңізін тек қана теледидардан көретін едім. Қазір десантты-шабуылдау батальонында қызмет етіп жатырмын. Теңіздің жағасында жаттығулар өтеді күнделікті. Және бұл алдағы уақытта бізге өз пайдасын тигізеді деген ойдамын.
Десантты-шабуылдаушы әскерлер құрамы жарты жыл сайын жас сарбаздармен толығады. Таяуда Ақтау теңіз портындағы тактикалық оқу-жаттығуда жауынгерлер кәсіби шеберлігін байқатты.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев, Александр Убейкин