Елордадағы мұхитаралға 20 жыл
Айтулы күнге орай бірінші Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Мұхитарал немесе көпшілік аузындағы океанариум Елордадағы айрықша демалыс орындарының біріне айналды. Қала қонақтары мен тұрғындарын 2500-ға жуық гидробионттардың жасанды ортада қалай тіршілік ететіні қызықтырады.
Арман Маханов, Ailand Astana ЖШС директоры:
- Біз коллекциямызды жылда жаңартып отырамыз. Океанариумда гидробионттардың 100-ден аса түрі бар. Биыл тәжірибе ретінде су жәндіктерін ұрықтандырып көрдік. Негізі қонақтарымызды лимон акуласы қатты қызықтырады. Бұл океанариум тұрмақ, табиғи ортада сирек кездесетін жыртқыш. Бірақ сүңгуірлеріміз олармен тіл табысты.
Міне осындай тәжірибемен бөлісетін уақыт жетті. 20 жылда «Айланд» океанариумының қызметкерлері мен сүңгуірлері акула, тасбақа, паку пиранья, жыртқыш каранкс сынды балық түрлерін бейімдеуді үйренді. Олар орталық ашылғалы осында тіршілік етіп жатыр. Бүгін мамандар дөңгелек үстел басында кездесіп, мұхитаралды дамытудың халықаралық тәжірибесі мен келешегін талқылады. Конференцияда Қазақстаннан бөлек, Ресей мен Индонезия өкілдері бой көрсетті.
Қуаныш Сапаров, Астана қаласы инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары:
- Бұл океанариум рекорд Гиннеса кітабына енген, мұхиттан ең алыс тұрған океанариум ретінде. Бұл океанариум бізде мұхиттан 3000 км жерде орналасқан. Туристер тұрғысынан да біздің астанамызға жыл сайын млн аса турист келетін болса. Жыл сайын 500 мыңнан астам қонақтар келеді екен біздің океанариумға.
ТМД аумағындағы бірегей океанариумның әлеуеті зор. Тіршілік иелері де көбейіп жатыр. Мамандар жыл соңына дейін теңіз мекендеушілерінің жаңа түрлері қойылған тағы 2 аквариум көрмесі ашылатынын жеткізді.
Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Серік Қоңырбаев