Теміртауда 2 қазандықты жөндеу кестеден кешігеді
Теміртау қаласындағы 2-ші жылу энергия орталығының қос қазандығын жөндеу жұмыстары 1 айға кеш аяқталады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Себебі мердігер компанияда маман жетіспейді. Осыған байланысты шағын шаһар биылғы жылыту маусымын 4 қазандықпен бастайды. Ал биыл көктемде дайын болады деген 7-ші қазандықтың құрылысы келер жылдың қыркүйек айында аяқталады. Қазір жұмыстардың 45%-і атқарылған. 7-ші қазандықтың құрылысына акционерлік қоғам шамамен 34 миллиард теңге бөлген.
Ринат Қыдырбеков, Теміртау қаласы әкімінің орынбасары:
- 4 қазандықтың жұмысы қазан айының соңына дейін бізге жеткілікті. Сосын 20 қазан күні 5-ші қазандық іске қосылған кезде жылу маусымын тұрақты бастаймыз деп ойлаймын. 2-ші жылу орталығы бойынша бірқатар мәселе бар.
Сергей Кривов, 2-ЖЭО директоры:
- 5-ші қазандық бойынша бу жылытқыштарды демонтаждау кезінде қосымша жұмыстар шығып қалды. Ол біраз уақыт алады. Ал 4-шіі қазандық бойынша материалдарды жеткізу кезінде мерзімінен кешігу болды. Оның үстіне мердігер компанияда білікті мамандар жетіспей жатыр.