Астанада заңғар заңгердің есімі ұлықталды
Саналы ғұмырын еліміздің прокуратурасына арнаған Өтеген Сейітовтің туғанына биыл 100 жыл.
Арда азаматтың мерейтойына орай елордада «Құқық қорғау қызметінің өзекті мәселелері» ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. Шарада Заңғар заңгердің есімі ұлықталды. Ол Ұлы Отан соғысында 3 рет жарақаттанса да, госпитальдан майданға қайта оралып отырған. Кейін елдегі құқық қорғау саласында еңбек етіп, ерлік пен өрліктің үлгісін көрсете білді. Сондықтан Дінмұхамед Қонаев кезіндегі Бас прокурордың еңбегін жоғары бағалаған. Ал бүгінде оның салған сара жолы көпке үлгі болып отыр.
Жалпы биыл прокуратура органдары үшін «Өтеген Сейітов жылы» деп жарияланды. Соған сәйкес елдің барлық өңірінде спорттық және мәдени-шығармашылық шаралар ұйымдастырылып жатыр.
Берік Асылов, ҚР Бас прокуроры:
- Өтеген Сейтұлы Сейітов – майдангер, 40 жыл өмірін прокуратураға арнаған көрнекті қайраткер. Биыл прокуратура органдары үшін «Сейітов жылы» деп жарияланды. Бірқатар облыстар, оның ішінде ұстаздың туған жерінде ескерілу шаралары, салтанатты жиындар болып өтті.