Мұрат Әуезовтің тағылымды мұрасы насихатталды
Қазақ руханиятының жанашыры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мұрат Әуезовтің дүниеге келгеніне 80 жыл толды.
Айтулы датаға орай елордада «Қазіргі замандағы ұлттық бірегейлікті сақтаудың өзекті мәселелері» атты халықаралық-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды. Ғалымдар қоғам қайраткерінің тағылымды мұрасы жайында сыр шертіп, ғылымдағы, әдебиет пен өнердегі, дипломатиядағы еңбектерін жан-жақты талқылады. Жиынға зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар мен жас оқырмандар атсалысты.
Әміржан Әлпейісов, ЕҰУ профессоры, тарихшы:
- Мұрат Әуезовтің ең басты еңбегі неде дейтін болсақ, оның қыры көп қой, соның ішіндегі ең басты еңбегі – осы «Жас тұлпар» қозғалысын ұйымдастырып, қазақ жастарының санасын серпілтіп, ұлтты азаттыққа күреске шақыруы. Бұл үлкен жаңағы феномен деп айтар едім. Ол кісі өзінің ойында жаңағы рухани дүниеге, мәдениетке көп көңіл бөлу керек екеніне, мәдениет пен руханият дамымайынша жаңа деңгейге көтерілуіміз күмәнді деп мәдениетке үлкен мән беріп отыр.