Қызылордада балықшылар слеті өтті

Балыққа да бап керек.

Арал айдыны қорын молайту үшін қызылордалық су саласының мамандары теңізге егіннен бөлек су лимиті бекітілуін ұсынып отыр. Дәстүрлі өңірлік 7-ші балықшылар слетіне жиналған сала ардагерлері мен кәнігі балықшылар ғылыми зерттеу институты мен халықаралық Аралды құтқару қорының бас дирекциясын Арал ауданында орналастыру қажеттігін айтты. Жергілікті жұрт өткен ғасырдың аяқ шеніндегідей теңіздің деградация-сы басталу қаупі төніп тұрғанын айтады.

Теңіз төскейінде өткен слет «Балықтар базынасы» атты театрландырылған қойылыммен басталды. Спектакльде соңғы жылдары көлемі 27 миллиард текшеден 19-ға төмендеп кеткен теңіздегі тіршілік иелерінің жанайқайы көркем сахналанды. Жалпы Аралдың ихтиофаунасында 22 түрлі балық мекен етеді. Жыл сайын 7 мың тоннадай су маржаны сүзіледі, бірақ теңіздің қорын көбейту шаралары мардымсыз жүргізіліп келеді. Енді 2030 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарлама аясында қолдан шабақтандыру мен тоғандық шаруашылықты дамытуға баса мән берілмек.     

Алмас Асылбеков, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі балық шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары:

- Қамыстыбас балық питомнигі бар соны техникаларын, жабдықтарын, материалдық базасын жаңарту бойынша шаралар қарастырылған. Шабақтарды суға жіберу көлемін арттыру көзделіп отыр. Содан басқа шабақтарды құтқару, мемлекеттік бақылау шараларын күшейту мақсатында инспекцияның материалдық жағдайын жақсарту, штаттық санын арттыру жоспарланған. 

Инспекция қырағылығын күшейтпесе балықтың басты жауы браконьер болып тұр. Теңіз байлығы түрлі жолмен жан-жаққа тарап, өңірдегі 10 балық өңдеу зауыты шикізат жоқтығынан толық қуаттылығына шыға алмай отыр. Сол себепті аудан басшылығы тіпті 1-2 жылға балық аулауға мораторий жарияланғанды құп көріп отыр.   

Серік Сермағамбетов, Арал ауданының әкімі:

- Амал қалмады, шарамыз жоқ басқа. Табиғат пайдаланушылар бір-бірінің атын жамылып, келісімге отырады да ауланған балықтың кім жоғары бағасын береді 50 теңге артық берсе соған апарып өткізіп жатыр. Ал халыққа біз айтар едік теңізді демалдырыңдар. Осы уақытқа дейін тыным бермей келе жатырсыңдар ғой теңізден түк қалдырмай. Теңіздің көлемі азаймайды сол шамада тұр осы уақытқа дейін. Онда ертең бүкіл қордан, тіршіліктен айырыламыз. 

Экологтар  облыста Сырдарияның тіршілік нәрін үнемді жұмсауға мән берілмейтіндігін көтерді. Өзен бойында қажетті-қажетсіз арық-атыздар қазыла берген. Арал ауданының бір өзінде дария теңізге дейін 64 канал мен 16 көлді суландырады. Жаздыгүні тіпті тамшы тамбағандықтан айдын суының тұздылығы нормадан асып кеткен.  

Нұрлан Самбаев, "Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы" Арал филиалы тірек бөлімінің меңгерушісі:

- Орташа 10 нан 13 промильге жеткені анықталды. Тұтастай алғанда қолайсыз гидрологиялық жағдай теңіз суыныңы гидрохимиялық жағдайына кері әсер ететіні түсінікті. Су деңгейі Балтық жүйесі бойынша 38,50 дейін түсіп, су сапасы нашарлай бастаса негізгі кәсіптік балық түрлерінің көбеюі мен тіршілігіне қолайсыз жағдай туындауы мүмкін. 

Серік Қожаниязов, облыс әкімінің орынбасары:

- Жазғытұры Аралға су жеткізу үшін Қараөзек бойындағы бұрында болған 3 су тоспасын ретке келтірсек 800 млн текше суды жинап қоюға болады көктем-қыстың кезінде. Сосын жиналған суды Қазалы, Арал жаққа жазғытұры жіберуге жұмыс жасайтын боламыз. 

Жыл сайын жағалауы алыстап, салған ауы салмақ бермей салы суға кеткен балықшылар алдағы 3 жыл бойы Қазақстанның Халықаралық Аралды құтқару қорына Төрағалық етуінен ерекше серпін күтіп отыр. Трансшекаралық өзендер мәселесі жан-жақты саралана отырып әзірленіп жатқан жаңа нұсқадағы «Су кодексі» де жемісті боларынан үмітті. Осылайша жыл сайын құр мақтау-марапаттау өтетін балықшылар слеті биыл өзекті мәселелер талқыланатын алаңға айналды. 

Қамбар Бекенов, Ақан Әлиев, Айтмұхамбет Бәйділдаев