Мүмкіндігі шексіз, рухы биік азамат
Түркістан облысының Келес ауданында тігіншілікті кәсіп еткен азамат тұрады.
Бозай ауылының тұрғыны Әбдіжаппар Махмұтбеков 3-ші топ мүгедегі. Қолөнерді жанына серік еткен еңбекқор азамат қайтарымсыз грант алып, өз кәсібін дөңгелетіп отыр.
Әбдіжаппар Махмұтбеков кішкентай кезінен сурет салуды жақсы көріпті. Кейін өсе келе дизайнер болуды армандаған. Сосын Шымкент қаласындағы колледжге оқуға түсіп, тігінші мамандығын алып шығыпты. Тігіншілікті алғаш киім тігуден бастаған ол кейін құрақ құрап, көрпе тігуді де меңгеріп алған. Арасында пластик бөтелкелерден неше түрлі гүлдер жасап, бала-бақшаларға тарататынын айтады. Осыдан 3 жыл бұрын мемлекеттен берілетін қайтарымсыз грантқа ие болып, өз кәсібін ашқан.
Әбдіжаппар Махмұтбеков, ІІІ-ШІ топ мүгедегі:
- Мен бала кезден осы тігіншілікке қызығып өстім. Оқу бітіріп, 500 мың теңге грант ұтып алып, осы салада жұмыс істеп келе жатырмын. Қазіргі уақытта 5 млн теңгенің грантына қатысып, тағы да өзіме ұқсаған мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамтуға ниеттімін.
Жұлдыз Әділова, анасы:
- 4 жасынан бастап суретке, тігінге қызыға бастады. Жыртықтарын өзі тігіп алатын. Жыртық киім кимейтін. Өз инемен тігіп, мен көрпе тіксем, көрпе қаузайтын еді. Грантын алып, тігін машиналарын алып беріп, істеп жатыр. Алдыда дамытсақ дейміз.
Әбдіжаппар отбасындағы алты баланың екіншісі. Өткен жылы шаңырақ көтеріп, қазір бір қыздың әкесі атанып отыр. Оның ендігі жоспары – «Ауыл аманаты» бағдаралмасы арқылы 2,5 пайыздық несиеге қол жеткізу. Сөйтіп қосымша тігін машиналарын алып, ат әбзелдерін тігіу.
Айнұр Муталиева, облыстық еңбек мобильді орталығы, Келес аудандық филиалының директоры:
- Әрине мұндағы басты талап – кепілдік қою керек. Кепілді еліміздің кезкелген өңірінен қоя алады. Міндетті түрде бизнес жобасын жасап, қаржы ұйымына құжаттарын жинап өткізуі керек. Кейбір салық түрінен босатылады. 1 жыл демалыс беріледі. 2,5 пайызбен беріледі. Жастар бағдарламасымен қатысатын болса 5 млн, «ауыл аманатының» 6-шы бағытымен қатысса, 8 млн 600 мың теңгеге дейін қаражат алады.
«Ауыл аманаты» жобасына Келес ауданынан Қошқарата, Ошақты, Ақтөбе және Біртілек ауылдары қатысып жатыр. Бағдарлама аясында 4 өндірістік кооператив құрылып, 4 округтан 533 азамат қызығушылық танытқан. Бүгінге дейін соның ішінде 108 азамат тиісті қаржысын алған.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш