Алматыда жас суретшінің көрмесі ашылды
Алматыда 8 сынып оқушысы Вероника Кречетованың «Менің арманымның түсі қандай?» атты жеке сурет көрмесі өтті.
Мәдени іс-шара жас суретші білім алатын Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы колледжінің мектеп-интернатында ұйымдастырылды. Композицияда түрлі стильде салынған 60-тан астам әсерлі картина бар.
Мына суретте аналарымыз қолданған ыдыстар бейнеленген. Құм сағат пен Чеховтың кітабы картинаның жылылығын одан әрі арттырып тұр. Жас суретші Вероника Кречетованың айтуынша, жұмыс қылқалам элементтері бар дымқыл қағазда жасалған. Композиция кеңестік дәуірді қайта жаңғыртқандай әсер береді.
Вероника Кречетова, мектеп оқушысы:
- Бұл картина арқылы мен өткенге оралып, артта қалған кезеңді көрсеткім келді. Тіпті, ескірген заттар - кептірілген раушан гүлдері мен сирек кездесетін, сәннен шыққан шәйнектер бүгінде бізге жылылық сыйлайтыны анық.
Бұл Вероника Кречетованың алғашқы жеке көрмесі. Бір жылға жуық дайындалып, шығармашылығын шыңдаған жас суретшіні замандастарының көрмелері шабыттандырыпты.
Ерлан Кәрібаев, Т.Жүргенов атындағы ҚАЗҰӨА колледжі, мектеп-интернатының директоры:
- Үздік шығармашылық балалардың көрмесін жасау, бұл біздің оқу орнының үрдісі, бұл жерге мыңнан тұлпар, жүзден жүйрігі ғана өз жұмыстарын шығарады. Вероника осындай қадамға барған екен. Яғни, оның да өзінің айтары бар екенін дәлілдейді.
Кескіндеме, академиялық қолтаңба, сәндік-қолданбалы өнер және графика. Мұның бәрі суретшінің шығармашылық әлеуетін көрсетеді. Ең бастысы, жас суретшінің көрермен көз тоқтатар картиналары көп.
Айгүл Хакімжанова, ҚР суретшілер одағының мүшесі:
- Бұл үлкен жұмыс. Кез келген суретші жеке көрмеге тәуекел ете алмайды. Өйткені, көрме ұсыну үшін суретшіге ішкі сенімділік қажет.
«Талант пен еңбек болса, бағынбайтын асу жоқ», - дейді Вероника Кречетова.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Эдуард Кон