Сарыағаштық шаруалар экзотикалық жемістерге субсидия бөлуді сұрап отыр
Түркістан облысының шаруалары цитрустық жеміс ағаштарын жерсіндірді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Сарыағаш тұрғыны Тұрсын Тасқожаның жылыжайында банан мен папайя жыл 12 ай өнім беріп отыр. Бұған қоса тәжірибе алаңында дәмі тіл үйіретін өзге де тропикалық өскіндер жайқалып тұр.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:
- Тропикалық аймақтың ауа температурасына бейімделген цитрустық жемістер Сарыағаштың топырағына да жерсінді. Қазір шаруашылықтың 12 соттық тәжірибе алаңында банан мен папайядан бөлек, құлпынайдың жаңа тұқымы, киви, зәйтүн, лимон мен мандарин ағашы да жайқалып тұр.
63 жастағы Тұрсын Тасқожа жемістердің таңдаулы көшетін алдырып, тұқымын қолдан көбейтіп отыр. Жылыжайдың құнарлы топырағы ешбір қоспасыз табиғи дәрумендермен тыңайтылады. Сондықтан ерекше күтімнің арқасында банан ағашы бір жылда тамыр байлап, 4 метрге дейін бойлады, - дейді. Қазір әр 1,5 айда 25 келіден аса өнім береді.
Шаруашылыққа тиесілі тағы 4 гектар өндірістік жылыжай бар. Тамшылатып суару мен автоматтандырылған жүйенің арқасында қызанақтың өнімділігі екі есеге дейін өскен. Алайда цитрустық жемістер мен дәмі тіл үйіретін жидектерге сауда нарығында сұраныс жоғары. Сондықтан агрономдар тропикалық белдеуде ғана өсетін өскіндерді көбейтіп, құлпынайдың жаңа тұқымын жаппай егістікке әзірлеп жатыр.
Атхам Омаров, агроном:
- Енді өнімнің біреуі 1-1,5 келіге барды, өзіміз көрдік. Келіп көріп жатыр. Сұраныс жақсы. Алдағы уақытта көбейтеміз деп жоспарлап отырмыз. Көзіміз жетті. Қазақстанда осындай талдарды егіп, өнім алуға болады екен.
Тұрсын Тасқожа тәжірибе алаңында бұдан өзге де жемістерге сынық жүргізуді жалғастыра бермек. Басты мақсат – импортты ысырып, сауда сөрелерін табиғи таза өніммен қамту, - дейді. Ол үшін көшеттерді көбейтіп, өзге шаруашылықтармен де бөлісуге дайын. Тек ерінбей еңбек етуге шақырады.
Тұрсын Тасқожа, шаруашылық төрағасы:
- Мен бұлармен сөйлесемін әрқайсымен. Бұл бір нәрсе сұрап тұрады. Не сұрап тұрғанын білу керек. Не беру керек екенін білу керек. Не қажет екенін білу керек. Егінге ешнәрсе керек болмай, тоқ болса, бұл жайқалып өседі. Сәл жайқылып өсуден ауытқыды ма, оның себебін табу керек. Не үшін бұлай болып жатқанын. Өзіңнің жұмысыңды жақсы көретін болсаң, бәрі өзі орнына түседі.
Түркістан облысының аграрлы аймағында егістікті әртараптандыруға баса мән берілген. Ауданда 760 гектар жылыжай кешені бар. Шаруалар экзотикалық жемістерге де субсидия бөлуді сұрап отыр.
Әлайдар Әмірханов, Сарыағаш аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
- Жылыжайды субсидиялау бойынша сертификаттау жұмыстары жүріп жатыр. ҚР Ұлттық сараптау орталығының мамандары бізде Сарыағашта жұмыс істеп жатыр. Біздің есебіміз бойынша 1 мыңға жуық азамат сертификат алу керек. Қазір 300-ден астамы сертификат алды. Цитрустық өсімдіктерді, гүлді, құлпынайды, жидектерді қосу бойынша ұсыныстар болып жатыр.
Бағбандардың сөзінше, елімізге жыл сайын өзге мемлекеттерден 150 мың тоннадан астам цитрус жемістері саудаланады. Ал Тұрсын Тасқожа тәуелділікті азайтып, жергілікті өнімді көбейту үшін жемістерді өсірудің қыр-сырын үйретуге дайын.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов.