Өскемендіктер базынасын жеткізді
Өскеменнің шетіндегі Шмелёв Лог ықшам ауданының тұрғындары бірнеше жыл бойы ойдым-ойдым жолмен жүруге мәжбүр.
Елді мекенге су құбырын жеткізушілер ауыл ішін қазып тастаған. Соның кесірінен мұнда көлік қозғалысы қиындады. Автобус пен такси ықшам ауданға кірмей, айналып өтеді.
Шаһар шетіндегі шағын аудан тұрғындарының көрген күні – осы. Олар жол жырын айта-айта шаршаған.
Ақерке Жексенбаева, қала тұрғыны:
- Жедел жәрдем келмейді. 2 гиспен әрең табады. Жол жаман, өте нашар. Такси алмайды. Өйткені бүкіл таксистер біледі біздің жолымыздың жаман екенін. Көмек ешқандай жақтан жоқ. Сондықтан біздің жолымызды тезірек жөндеп беруді сұраймыз. ТҮКШ 2 жыл болды бізден грави беруден бас тартып отыр. Қаржы жоқ дейді. Біз білгіміз келеді, қаржы қайда кетіп жатыр?
Бұл сұраққа әзірге жауап табылмай тұр. Елді мекенге су желісін тартқандар бір шақырымға жуық асфальтті қырып тастап, құм төккен. Тұрғындар осыған наразы.
Андрей Алехнович, «Өскемен су арнасы» МҚК бас инженері:
- Нысанның құрылысы ақшаның жоқтығынан 2 жылға созылып кетті. Әсіресе қар еріген кезде қиындық тудырады.
Ойдым-ойдымы шыққан жолды қалалық коммуналдық қызмет қалпына келтіруге тиіс. Бірақ қазынада қаржы жоқ.
Ержан Ыбыраев, қала әкімінің орынбасары:
- Бұл жұмыс жоспарға сәйкес жүргізіледі. Жолды толық жөндеу келесі жылдың бюджетінен бөлінетін қаржыға байланысты болады.
Шенеуніктердің жауабы осындай. Ендеше, қала шетіндегі ықшам аудан тұрғындарына қаржының бөлінгенін күтуден басқа амал жоқ.
Авторлары: Азамат Қасым, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин.