Қазақ жылқы шаруашылығы институты ашылды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың агрофорумда қойған тапсырмасына сәйкес, Ақтөбе облысында Қазақ жылқы шаруашылығы және жемшөп өндіру ғылыми-зерттеу институты ашылды.

Бұл орталық тұлпарларды асылдандырумен және жылқының ет-сүт өнімділігін арттырумен айналысады.

Елімізде 4 млн 200 мың жылқы бар. Алайда асыл тұқымдылардың саны 1 пайызға жетер-жетпес. Осыған байланысты өткен аптада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында жоғарыда аталған мәселеге баса мән берген еді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті

- Биыл қазақ жылқысының тұқымын сақтау және көбейту үшін арнайы Заң қабылдадық. Енді бұл бағытта тағы бір маңызды қадам жасаймыз. Мен Үкіметке жылқы шаруашылығы институтын құруды тапсырдым. 

Бұған дейін Маңғыстаудың Адай жылқысы ресми түрде бөлек тұқым ретінде тіркелгенін айттық. Қазақ қанатына айналған қазанат талай бәйгеде топ жарып жүр. Қазақпен бірге жасап келе жатқан жабының да орны ерекше. Оған Мұғалжар, Көшім және Қостанай тұқымдары кіреді.

Әлібек Базарғалиев, қазақ жылқы шаруашылығы және жемшөп өндіру ғылыми- зерттеу институтының басқарма төрағасы:

- Адай жылқысы Маңғыстауда зерттеледі. Ғалымдар сол жаққа барады. Бірақ орталығы Ақтөбеде болады. Батыста Мұғалжар мен Көшім жылқысы. Қазір Мұғалжар жылқысы әр өңірге сатылып жатыр. Сол өңірлерде де осы Мұғалжар жылқысын дамытып жатыр.

Мәселен, Алматы облысы, Балхаш ауданы Бақанас ауылында Мұғалжар тұқымының саны 300-ге тарта. Осынша жылқы Жамбыл облысына да жөнелтілді. Қазір бұл қатарға Абай облысы да қосылып жатыр. Мұндай жемісті жұмыстар Қостанай жылқыларына да қажет. Өйткені, жоғалып кетудің аз-ақ алдында. Ел аумағында небары 300-дей бас қалыпты.

Әлібек Базарғалиев, қазақ жылқы шаруашылығы және жемшөп өндіру ғылыми- зерттеу институтының басқарма төрағасы:

- Қасым-Жомарт Кемелұлы айтып өтті, біздің саумал мен жылқы сүтінің емдік пайдасы өте зор екенін. Оны бүгінгі таңда құрғақтандырып, саумал күйінде дәріханалар мен дүкендерде сатылып жатыр. Шетелде де сұраныс көп. Сондықтан Қазақстанда екі жерде өндірістік бағытта қойылған екі шаруашылық бар. Оның бірі Қарағандыда, екіншісі Қостанай облысында.

Бүгінде институт алдында тұрған негізгі мақсат - алдағы 5 жыл ішінде асыл тұқымды жылқылар санын 6-7 пайызға дейін көбейту. Ғылыми зерттеу жұмыстарын бірлесе жүргізу үшін саланың білікті мамандары енді Ақтөбеде бас қосып тұрады. Осыған байланысты Ауыл шаруашылығы министрлігі қазір қаржы көздерін нақтылап жатыр.

Мирлан Алтынбек, Жанаман Ерғалиев