Халық саны жүз адамға жетпейтін 500-ге жуық ауыл бар

Елімізде халқының саны 100-ге жетпейтін 500-ге жуық елді мекен бар.

Алайда шағын ауылдардағы мәселелер мемлекет назарынан тыс қалған емес. Алдағы бес жылда шалғайдағы шағын елді мекендердегі тұрғындардың әлеуметтік-экономикалық өмірін жақсартуға басымдық берілмек. Басты мақсат – ауыл халқының табысын арттыру мен өмір сүру сапасын жақсарту.

Байсал - Петропавлдан 40 шақырым жердегі ауыл. Қазір елді мекендегі 51 үйде 117 адам тұрады. Жасы да жасамысы да қалаға үдере көшкен соң, ауылда қаңырап қалған шаңырақ көп. 

Ғалымжан Ешжанов, Байсал ауылының тұрғыны:

- Бұрын совхоз кезінде бұл жерде мәдениет үйі, клуб бар еді. Қазір мұның бірі де жоқ. Ауылда жастар қалмады. Бәрі қалаға кетіп қалды. Ауылда тұратындардың дені зейнеткерлер. Ары кетсе 60-қа жетер жетпес үй қалды. 

Мектеп 2015 жылы жабылған. Содан бері балалар көрші Знаменское ауылына қатынап білім алады.  Екі аралық 6 шақырым. Ауылдағы 9 оқушы күн сайын қоғамдық көлікпен барып келеді. 

Амангелді Әбдірахманов, Қызылжар ауданы білім бөлімінің басшысы:

- 25 мектепке күнделікті 325 бала апарылады және апта сайын интернаттарға бізде 111 бала 17 ауылдан тасымалданады.  5 интернатымыз бар. Бұл жерде күнделікті және апталық балаларды тасымалдауға бүгінгі күні 13 автокөлігіміз бар. Соның тоғызы Газель автокөлігі және төрт ПАЗ автобусымыз бар.

Қуандық Танабас, тілші:

- Ұлттық экономика министрлігінің дерегінше, Қазақстанда халқының саны аз 2700 ауыл бар, соның 540-ында 50 адамнан аз тұрады. Бұндай елді мекендер негізінен Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Ақмола облыстарында орналасқан. Шағын ауылдарда мәселе шаш етектен. 

Айтжан Мейрембаев, Экономикалық зерттеулер институтының өмір сапасы орталығы директорының орынбасары:

- Ауылды жерде табыс аз. Тиісті инфрақұрылым жоқ. Бүгінгі таңда 1400 ауылда сапалы ауыз су жоқ. 1700-ге жуығы орталықтанған газға қосылаған. Бұл Қазақстандағы барлық ауылдың тек 27%-ті. Бұдан бөлек білім беру, денсаулық сақтау қызметінде де проблемалар бар. Осының бәрі халықтың ауылдан  жаппай көшуіне әкеледі.

2019 жылдан бері «Ауыл ел бесігі» бағдарламасының аясында шалғайдағы шағын елдімекендер жаппай қалпына келтірілуде. Жобаның шарапатын әуелі теріскейдегі ауылдар көрді. Өркениеттен ажыраған ауылдардың ажары кіріп, тірлігі түзелді.   

Марқаба Жақаева, Светлопольск ауылдық округінің әкімі:

- Ауылдық округ көркейіп келеді. Барлық елді мекенге орталықтандырылған су жүйесі тартылды. Әр үйге су кіргізу мүмкіндігі бар. Барлық ауылдарымызда көшелерді жарықтандыру мәселесі шешілді. 

Бірақ бюджет қаражаты болашағы бұлыңғыр ауылдардың барлығына жетпейді. Нәтижесінде халқы көп жерлер тірек ауылдар, ал олардың қасындағы шағын ауылдар «спутникітік» деген статус алды. 

Дәурен Жанбайбеков, ҚР Ұлттық экономика  министрінің кеңесшісі:

- Тіректі ауыл 1176 үлкен ауыл және 2388 спутниктік.  Бәрін қосқанда 3,5 мың ауыл. Осы 3,5 мың ауылда 90 пайыз тұрады. Ауыл халқының 90 пайызы тұрады. тіректік ауылды алсақ 60 пайыз тұрады ауыл халқының. Яғни «Ауыл – ел бесігі» жобасы ауыл халқының 90 пайызын қамтиды.

 Қазақстан халқының 40 процентке жуығы ауылда тұрады. Бұл экономикалық тұрғыда тиімсіз дейді мамандар. Өйткені, ауыл халқын шағын қалаларға көшіру арқылы ондағы экономиканы да дамытуға болады. Бұл 7,5 миллион адамның  жұмыспен қамтылуына жаңа мүмкіндіктер береді. 

Қуандық Танабас, Ғазиза Мұхаметжанова, Айдарбек Айтмұхамбетұлы