«Қорқыт және ұлы дала сазы» фестивалі басталды. LIVE

Қызылорда облысында «Қорқыт және Ұлы дала сазы» атты халықаралық фольклорлық-музыкалық өнер фестивалі басталды.

Үш жылда бір ұйымдастырылатын шараға Түркия, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Саха, Тыва республикасынан дәстүрлі өнерпаздары келген. Қазақ елінен 200-ге тарта өнер ұжымы мен күйші-жыршы қатысып жатыр.

Қамбар Бекенов, тілші:

- Ұлы ойшыл, абыздың құрметіне арналған фестиваль биыл 6-рет ұйымдастырылып отыр. Жалпы Қорқыт ата мұралары Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы ЮНЕСКО-ның ғаламдық материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгізілді. Жалпы қазіргі уақытта Қорқыттың күйлері Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі жоғарғы оқу орындарында кәсіби мамандар арқылы шәкірттерге үйретіліп, әлем сахналарында орындалуда. Ал Сыр өңірінің 7 ауданында қобыз үйірмелері ашылды. Өткен жылы аймақта алғаш рет республикалық қобызшылар мен жыршы-жыраулардың байқауы ұйымдастырылған болатын

Фестиваль меймандары облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Тұран таңбалары» этно-археологиялық көрмесіне барып, Сыр өңірінің тарихымен танысты. Одан кейін «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының 30 жылдығына арналған «Түркі әлемінің бірлігі» атты кітап көрмесін де тамашалады. Ал дәл қазір түркі мәдениетінің жауһары төгілген концерт өтіп жатыр. Түбі бір туысқан елдердің өнерпаздары ұлттық нақыштағы ән-жырларын паш ету үстінде. Шарада Қорқыт ата мұраларын әлемдік деңгейде насихаттаушы Раушан Оразбаева, Мақсат Мұхаммеджандар Қорқыт бабамыздың күйлері дәріптейді. Қазақ халқының ұлттық өнерін халықаралық деңгейде дәріптеп жүрген жыраулар Алмас Алматов, Елмұра Жаңаберген, Ұлжан Байбосынова, «Хассак» этно-фольклорлық тобы жыраулық мектептің көрнекті шығармаларын орындайды.

Фестивальге қатысушы өнерпаздар ертең Қармақшы ауданындағы Қорқыт ата мемориалды кешеніне барады. Одан әрі аудандық мәдениет үйінде «Қорқыт және Ұлы Дала сазы» фольклорлық-музыкалық өнер фестивалі Гала-концертпен қорытындыланады.