Ауылдың инфрақұрылымын дамыту жайы талқыға түсті

Ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту керек.

Ол үшін елдімекендердерді абаттандыру қажет. Бүгін Парламент Сенатының бір топ депутаты Ақмола облысындағы Родина аулына барып, жұрттың қал-ахуалымен танысты. Депуттар өңірлердегі инфрақұрылымды жақсарту жайын талқыға салды.

Елімізде 6 мыңнан астам ауыл бар. Онда 8 миллионға жуық адам тұрады. Алайда тек 3,5 мыңдай елді мекеннің даму әлеуеті жоғары. Солардың бірі – Родина. Сенаторлар мұнда келген бойда ауылдың тыныс-тіршілігімен қатар, инфрақұрылымымен танысты.

Альмира Оразбай, тілші:

- Родинаны ауыл емес, шағын шаһар дерсіз. Тегіс жолдар, жайлы баспаналар, керектінің бәрі самсап тұрған дүкендер мен балабақша және мектеп. Тіпті бой сергітетін саябаққа дейін бар. Ал мұндағы тұрғындардың жұмыспен қамтылып, жақсы өмір сүруі үшін барлық жағдай жасалған.

Сенаторлардың дәл осы жерді таңдағаны бекер емес. Мұнда агроөнеркәсіпті дөңгелету арқылы жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтып қана қоймай, ауылдың инфрақұрылымын өз есебінен дамытып отырған кәсіпкер тұрады. Депутаттар,, осындай ауылдың елімізде көбеюіне не кедергі деген сауалға жауап іздеді.

Бибігүл Жексенбай, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Біздегі ең үлкен мәселенің бірі мемлекеттік тапсырыстың орындалу барысындағы яғни мемлекеттен бөлінген қаражаттың тиімді пайдаланбай, оны кейбір адамдардың жеке қалтасына кетіп жатқандығы, ол ақшаны игермей, оның үстіне тағы қосымша ақша сұрайтындардың көптігі, жауапсыздық пен оның заң алдында жауапқа тартылмауы. Екінші мәселесе – табыс тапқан үлкен аймақтарыдң табысының бір бөлігін сол аймаққа қалдыру мәселесі. Осы екі мәселе елімізде реттелетін болса, менің ойымша жергілікті жердегі ауылдардың, моно-қалалардың көркеюіне бір жол ашылады.

Баламалы энергия көздерін пайдалану бойынша Родина басқа ауылдарға қарағанда алдыңғы қатарда тұр. Онда өздерінің жел турбиналары бар. Ал мұндағы интернет – Бас қаланың кей аумақтарына қарағанда жылдам жұмыс істейді. Себебі арнайы желілер «Родина» агрофирмасы есебінен жүргізілген. Көшпелі отырысқа қатысқан Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі, бұл сұрақ,, әкімдіктердің күн тәртібіндегі мәселесі екенін айтты.

Асқар Жамбакин, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі:

- Елде интернеті жоқ 1342 ауыл бар. Қазір онда жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Елді мекендерді цифрландыруға әкімдіктердің өздері жауапты. Ал Родинада талшықты-оптикалық байланыс желілері мен антенналар енгізілген. Бұл барлық өңір үшін ауылдардағы инфрақұрылым мен коммуникацияны дамытуға қосқан үлестің жақсы үлігісі деп айтуға болады.

Қазір «Ауыл ел бесігі» жобасы аясында республикалық бюджеттен бөлінетін қаржы жыл сайын артып келеді. Бағдарлама іске қосылған шақта 29 миллиард теңге қаралған. Ал бүгінгі күні 200 миллиард теңге бөлініп отыр. Дегенмен толық абаттандырылған ауылдардың саны өсіп жатқан жоқ. Көшпелі отырысқа қатысқан Ұлттық экономика вице-министрі, бұл мәселенің кезең-кезеңімен шешілетінін айтты.

Бауыржан Омарбеков, ҚР Ұлттық экономика вице-министрі:

- Әрине, проблемалық ауылдар, инфрақұрылыммен қамтамасыз етілмеген ауылдардың әлі де бар екенін мойындаймыз, жасыратын ештеңе жоқ. Бірақ барлығы да осылайынан кезең-кезеңімен іске асырылатынын айтқымыз келеді. Оның ішінде сапалы жолдар, сапалы әлеуметтік нысандар, таза ауыз суға қол жеткізу, сапалы интернет және тағысын тағы, ауылдарда болу керек кем дегендегі базалық көрсеткіштердің орындалу деңгейін жоғарылатуға бағытталып отырмыз.

Отырысты қорытындылай келе, сентаорлар,, әкімдіктерге бөлінген бюджеттің бағытталуы, жайылымдық жерлердің мәселесін шешу және жер қойнауын пайдалану құқығына толықтырулар енгізу қажеттігін атады. Себебі аталған жағдайлар реттелмей, ауылдардың инфрақұрылымын дамыту мен тұрғындардың өмір сапасын жақсарту қиынға соғады.

Авторы: Альмира Оразбай