1,5 млн қандас Қазақстанға келуге ниетті
1,5 млн қандас Қазақстанға көшіп келуге ниетті.
Бүгін Сенат отырысында депутат Ғалиасқар Сарыбаев қандастардың мәселесін көтерді. Оның айтуынша, оқуға түскісі келетін қандастардың тек 25%-і ҰБТ-дан өте алады. Жалпы оларға берілетін квота 4%-ті ғана құрайды. Бұл көрсеткіш өте төмен. Сенатордың пікірінше, қандас жастарға арнайы стипендиялық бағдарлама қабылдаған жөн. Депутат «Отандастар» қорын қаржыландыру жеткіліксіз екенін айтады. Оған жылына 650 млн теңге бөлінеді. Өзбекстан шетелдегі отандастарын қолдауға арналған қорға бұдан 3 есе, Түркия 29 есе, ал Ресей 58 есе көп береді екен.
Ғалиасқар Сарыбаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Осы орайда «Отандастар» қорының статусын, әлеуетін, материалдық, техникалық қаржылық базасын күшейту керек. Бүгінгі күні елімізге көшуге ниет білдірген қазақтар саны шамамен 1,5 млн адамды құрайды. Бұл ниетті жүзеге асыру еліміздің алдына қойып отырған орнықты даму мақсаттарының кейбір көрсеткіштеріне қол жеткізуге мүмкіндік береді.