Қостанайда «Мемлекеттік тілге жеті қадам» жобасы қорытындыланды
Қостанайда «Мемлекеттік тілге жеті қадам» жобасын қорытындылаған облыстық форум өтті.
Қазақ тілін, ұлтжандылықты насихаттау мақсатында ұйымдастырылған шараға екі жүзге жуық түрлі этнос өкілі қатысты. Олар бірнеше секцияға бөлінді. Тіл үйренудегі өзіндік әдіс-тәсіліне қанығып, ой-пікірін ортаға салды.
Қоғамдық даму басқармасы мұрындық болған бұл жаңа жоба жеті ай бұрын басталды. Осы аралықта өзге ұлт жастарының мемлекеттік тілді қаншалықты меңгергені сарапқа салынды. Бірі шығарма жазса, енді бірі бейнебаян жасады. Сосын әлеуметтік желілердегі жазбалары бағаланды.
Наталья Рамазанова, жоба жетекшісі:
- Осы жобаны әзірлеген кезде жеті атауы болатын болса, менің есіме арнайы жеті санмен арнайы атаулар түседі. Жеті жарғы, жеті қазына, жеті ата дегендей, сол себепті мемлекеттік тілге жеті қадам, енді қасиетті санмен қасиетті пайдалы нәрсе шығады деп ойлаймын.
Жобаға қатысқан 200-ге жуық оқушының 150-і іріктеліп, облыстық форумға шақырылды. Солардың бірі Әулиекөл ауданынан украин ұлтының өкілі Кира Роот.
Кира Роот, форумға қатысушы:
- Қазақ тілімізді, қазақ еліміздің бүкіл әлемге көрсету керекпіз ғой. Егерде біздің өз тіліміз болмаса, өз дәстүрлеріміз болмаса, біз оны қалай бүкіл әлемге танытамыз. Сондықтан өз тілімізді білу керекпіз. Қазақстанның әр азаматының міндеті ол.
Шыққан тегі африкалық Крис Блейк қазақ тілінде еркін сөйлейді. Тіпті домбыра тартып, өлең жазады. Бүгін ол форумға қатысушылармен тіл үйренудегі тәжірибесін айтып берді.
Крис Блейк, кәсіпкер:
- «Ел-тірлік үшін, тіл-бірлік үшін», яғни тіл мемлекеттік тіл бізді біріктіреді. Қазақстанда жүрміз бе,сол қазақ тілін менгеріп, қазақша сөйлеп, түсіну керек деп ойлаймын. Әр адамға ол оп-оңай беріледі ниет болса.
Форум соңында мемлекеттік тілді насихаттауда, меңгеруде белсенділік танытқан түрлі этнос өкілдері арнайы сыйлықпен марапатталды. Үздік он оқушы Астанаға саяхатқа барады.
Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг