Ақтөбе облысында үкіметтік емес ұйымдар ресурстық орталық беруді сұрады

Ақтөбе облысының үкіметтік емес ұйымдары өңірге салалық ресурстық орталық қажет дейді.

Бұл облыстағы түрлі бірлестіктердің басын қосып, қоғамдағы қордаланған мәселелерді шешуде тиімді әрекет етуге қолайлы болмақ. Аталған ұсыныс облыс орталығында өткен «Азаматтық сектор мен мемлекеттік органдардың сабақтастығы - өңір дамуының драйвері» форумында көтерілді. Шараға еліміздің барлық өңірінің үкіметтік емес ұйымдары өкілдері қатысты.

Ақтөбе облысында 866 үкіметтік емес ұйым тіркелген. Олар қоғам өмірінің түрлі саласында еңбек етіп келеді. Денсаулық сақтау мен білім беру, кәсіпкерлік пен экология мәселелерін көтеріп жүрген бірлестіктер тұрғындардың көкейіндегі көптеген сауалға жауап берді. Алайда қоғамдық жұмыста белсенді азаматтар бұдан да нәтижелі еңбек ету үшін ресурстық орталықтың болғандығы дұрыс деп санайды. 

Абай Мырхин, "Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту агенттігі" қоғамдық қорының төрағасы:

- Соның ішінде кеңес беретін, оқытатын, үйрететін мысалы аудандардан, селолардан халық келіп жатса соларға көмек беретін, кеңес беріп проблемаларын шешіп отыратын ресурстық орталық керек. 

Үкіметтік емес ұйымдары үйінің тиімділігін шараның мейманы Динара Өтебаева атап өтті. Қостанай облысында ашылған ресурстық орталық жаңадан құрылған бірлестіктерге ақыл-кеңес беріп, қордаланған мәселемен келген тұрғындарға бағыт-бағдар көрсетіп келеді. 

Динара Өтебаева, "Грин" азаматтық альянсының президенті:

- Мәселен, үш жыл бұрын біздің орталыққа балалары аутизм дертіне шалдыққан бір топ ата-ана көмек сұрай келді. Үкіметтік емес ұйымдар үйінің ықпалымен демеуші табылып, 500 мың теңгеге монтессори кабинетін аштық. Бір жылдан кейін сол жандардың өздері қоғамдық бірлестік ретінде тіркеліп, үлкен оңалту орталығын ашты. 

Қоғам белсенділері қазір бұл салаға жас буын өкілдерін тарттыру қажет. Ол үшін облыс орталығынан бөлек аудандарда да түрлі азаматтық институт қалыптасуы тиіс. Бүгінгі шара барысында сол жастарға үлгі болар үкіметтік емес ұйым өкілдеріне алғыс хат табысталды. 

Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев