Өңірлерде креативті орталық ашылады
Жастардың білімін жетілдіріліп, түрлі жобаларын жүзеге асыруға қолдау көрсетіледі, деп хабарлайды «Хабар 24».
Бастама Мемлекет басшысының креативті индустрияны дамыту тапсырмасы негізінде қолға алынды. Жетісу облысының тұрғындарымен кездескен Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева осыған қатысты заң әзірленіп жатқанын айтты. Яғни, 95 мың адам еңбек ететін салаға барынша қолайлы жағдай жасау көзделген.
Жүздесуде елімізде жүргізіліп жатқан әлеуметтік реформалар жайы сөз болды. Ведомство басшысы бүгінге дейін 1700 ауыл әкімі сайланғанын енді аудан әкімдері де тікелей дауыс беру нәтижесінде таңдалатынын атап өтті. Көпшіліктің көкейкесті сұрақтарына жауап беріп, бұқаралық ақпарат құралдарына қатысты жаңа заңға да тоқталды.
Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:
- Қазіргі қолданыстағы заң ол ескірген. Қазіргі жаңа технологиялар жаңа коммуникациялар заңда ескерілмеген. Сондықтан олардың жауапкершілігі жоқ. Олардың жауапкершілігін анықтау үшін оларды заңға кіргізуіміз керек. Ол біріншіден. Екіншіден, әлеуметтік тапсырыстың, әлеуметтік заказды жетілдіру мәселелері. Көп сұрақтар осы тұрғыда пайда болады. Сондықтан ол жағынан да өзгерістер болады.