ПІБ клиникасының дәрігерлері операция кезінде пышақты сирек қолдану әдісін көрсетті

Президенттің іс басқармасындағы медициналық орталық дәрігерлері Таразда 30-дан астам операция жасап, жергілікті мамандарға шеберлік сағатын өткізді.

Соның ішінде нейро- және кардиохирургиялық операциялар жасау кезінде пышақ көмегіне жиі жүгінбеу жолдарын үйретті. Кейін көп салалы онкология және хирургия орталығында болып, қызмет сапасын зерделеді. Елордалық делегат сапар барысында облыс әкімдігімен әріптестік байланыс жөнінде келісімге қол қойды. Құжат жергілікті тұрғындарға тегін кеңес беру, шипажайда емдеу және оңалтуға бағытталған.

Алексей Цой, ҚР Президенті іс басқармасы медициналық орталығының басшысы:

- Меморандум денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастықты дамытудың жол картасын одан әрі жетілдіруге мүмкіндік береді. Облыстық және қалалық ауруханаларда ғана емес, аудандық ауруханалардағы дәрігерлердің де біліктілігін арттыруымыз қажет. Тәжірибелі мамандар медициналық қызмет сапасын жақсартуға жол ашады.