Ақтөбеде ұшқыштар диплом алды

Болашақ ұшқыштар диплом алды.

Талғат Бигелдинов атындағы әуе қорғанысы күштері әскери институты осымен 26-шы түлектерін ұшырды. Ақтөбенің төрінде өткен салтанатта кешегі курсанттарға алғашқы әскери шені табысталды.

Әділет Есенғосұлы әскери авияция инженері. Төрт жыл ұшақ пен тікұшақтардың құрылымын зерделеп, істен шыққан көлікті жөндеуді үйренген ол бүгін Су-27 мен Су-30 жоюшы ұшақтарының қалтқысыз қызмет етуіне жауапты маман атанып отыр. Бұл күнді көптен күттім дейді.

Әділет Есенғосұлы, Т.Бигельдинов атындағы Әуе қорғаныс күштері әскери институтының түлегі:

- Осы екі мәрте кеңес одағының батыры Талғат Жақыпбекұлы Бегильдинов атындағы әскери институтқа түсуді кішкентай кезімнен армандадым. Осы арманыма жеттім деп ойлаймын. Бүгін иығыма екі жұлдызымды тағып, лейтинант шенін алып тұрмын. Көңіл-күйім керемет. Маған сенген ата-аналарыма, барлығына рахмет айтамын.

Әскери институт жарты ғасырға жуық уақыт ішінде 4 мыңнан астам маман даярлаған. Биыл оқу орынын 35 ұшқыш пен 46 инженер, барлығы 90 офицер тәмәмдап отыр. Қатарында ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт аясында білім алған 9 Тәжікстан азаматы бар.

Амангелді Макишев, Т.Бигельдинов атындағы Әуе қорғаныс күштері әскери институты бастығының орынбасары:

- Курсанттардың барлығы жақсы көрсеткіштерге қол жеткізді. Әрқайсысының 100-120 сағаттық ұшу тәжірибесі бар. Бүгігі ҚР Қорғаныс министрі орынбасары қолынан алған лейтенант шені төрт жыл алған білімнің нәтижесі деуге болады.

Дәстүрге сай салтанатты шара алғашқы офицер вальсімен және «тиын жаудыру» рәсімімен аяқталды. Бір айлық демалыстан кейін лейтенанттар алдын ала бекітілген әскери бөлімдерге аттануы тиіс. Қатарында қалыңдығымен қолұстасып баратындар да бар. Бүгінгі мерекеде жақындарына қос бірдей қуаныш сыйлаған жас ұшқыштың бірі сүйіктісіне сөз салды.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев