Ақтаудағы шекара бөлімінде үшем қызмет етеді
Ағайындылардың есімдері – Ағарыс, Бекарыс және Жанарыс.
Бір-бірінен аумайтын бозбалалар бірге мектепте, кейін колледжде оқыған. Әскерге де жұбы жазылмай барып, Отан алдындағы борышын Орал қаласында Ұлттық ұлан сапында өтеді. Көп ұзамай келісімшарт негізіндегі әскери қызметке шақырту алған. Қазір Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Жағалау күзетінде жүр.
Үшем сарбазды ажырату қиын. Ағайынды Зекеновтердің жүріс-тұрысы, тіптен мінез-құлқы да бірдей. Әскери бөлім командирі психологиялық тестілеу нәтижелерінің де ұқсас болғанын айтып таңдай қағады. Десек те бір айырмашылығы бар, Ақарыстың бойы сыңарларынан сәл ұзын. Бұл отбасыда тағы 3 бала тәрбие алған.
Жанарыс Зекенов, қатардағы жауынгер:
- Мен болам кішісі. Үшеуміз 2001 жылы туғанбыз Ақтау қаласында. Үйде 2 ағамыз, бір қарындасымыз бар. «Су көлігін» пайданалу бойынша матрос оқығанымыз. Сол мамандықпен түскен жайымыз бар осы жаққа.
Ақарыс Зекенов, қатардағы жауынгер:
- Оралда армияда жүргенімізде үйге қайтуға 1 ай қалғанда осы жаққа шақырып алды. Басында білмедік. Үйдегілер айтты, осы жақ шақырып жатыр деп. Жалпы әскери болу бала кезден арманымыз болды. Офицер болу. Шекараны күзетуге дайынбыз.
Үшем жауынгер бала кезінде каратэ, самбомен айналысқан. Сондай-ақ жеңіл атлетикадан жарыстарға қатысып, жақсы нәтижелер көрсеткен. Шекара бөліміне келген аз уақытта бәрі бірдей «үлгілі сарбаз» атанып, мақтау қағазымен марапатталған.
Серік Жәлелов, ҚР ҰҚК Жағалау күзеті 1-дивизионының бас старшинасы:
- Жұмысқа кірген кезде оларды ажырату өте қиын болатын, уақыт өте көзіміз үйреніп, Ақарысты жақсы ажырататын болдық. Ал Бекарыс пен Жанарыстың осы күнге дейін аттарын шатастырамыз. «Ақарыс қайда десем, мен Ақарыс деп. Жанарыс қайда десем, мен Жанарыс деп» сондай уақыттар болған арамызда.
Ақарыс, Бекарыс және Жанарыстың әскердегі қызметі келер жылы аяқталады. Алдағы уақытта Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара академиясына бірге құжат тапсырмақ.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев, Саламат Бекбаев.