Ақмола облысында жолдардың сапасы тексерілді

Ақмола облысында жыл басынан бері 130-дан астам жол-көлік оқиғасы тіркелді.

257 адам жарақат алып, 46 кісі ажал құшты. Полицейлердің айтуынша, жолдағы қайғылы оқиғаларға тек жүргізушілер кінәлі емес, кей бағыттағы жолдардың тарлығы себеп деп отыр. Әсіресе курорттық аймақтарға қатынайтын тасжолдар кішірейіп, ондағы көлік қозғалысы айтарлықтай көбейген.

Соңғы кезде Көкшетау іргесіндегі Зеренді мен Айыртау аудандарына қатынау қиындап кетті. Бұған көліктің көптігі мен жолдың тарлығы себеп.

Александр Коровин, көлік жүргізуші:

- Көлік өте көп. Оның ішінде жүк көліктері қауіпті. Себебі жол өте тар. Жаз уақытында туристер келгенде жағдай мүлдем қиындайды. Жолды кеңейту керек.

Олег Скляров, көлік жүргізуші:

- Мына жол жыл санап кішірейіп келеді. Қазір күз кезінде алып техникалар көп жүреді. Әрине, қауіпті.

Республикалық маңызы бар қос жолда бейнебақылау камералары бар. Бірақ оны елеп жатқан жүргізушілер жоқ. Жылдамдықты асырып, басқа көліктерді басып озуға тырысады. Бұның соңы жол апаттарына әкеледі. 

Бекболат Құсметов, патрульдік полиция батальонының аға инспекторы:

- Көбінесе жүргізушілер ұялы телефонға алданады. Екіншіден, қарапайым қауіпсіздік белбеулерін тақпайды. Осы уақытта ең көп жол-көлік оқиғасы осы Көкшетау-Атбасара тасжолында болды.

Облыстағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 18 мың шақырымнан асады. 2 мыңға жуық шақырымы халықаралық және республикалық маңызға ие. Жолдар жылына 2 рет тексеріледі. Биыл 1 мыңнан астам тексеріс жүргізіліп, бірқатар жол талапқа сай болмай шықты.  

Аслан Қызбикенов, жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы:

- Облыс бойынша Көкшетау-Атбасар бағытындағы жол негізгі талапқа сәйкес келмейді. Жүктемесі ауыр. Сонымен бірге Айыртау бағытындағы тасжол да талапқа сай емес. Бұлар республикалық маңызға ие жолдар. Жылда тексеріс жүргізіп, анықталған олқылықтар бойынша министрлікке ұсыныс жолдаймыз.

Биыл облыстағы жолдарды жаңартуға 73 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражатқа мың шақырымнан астам жөл жөнделеді.

Авторлары: Абзал Балтабаев, Виктор Полянный.