Қарқаралыда ішімдіктен түбегейлі бас тартқан ауыл бар
Дүкенде мүлдем ішімдік сатылмайды.
Той-томалақ та арақ-шарапсыз өтеді. Кейінгі 3-4 жылда мұнда қылмыс тіркелмеген. Ал жастары спортқа бейім. Кәсіп ашып жатқандары қаншама. Ауызбіршілігі жарасқан үлгілі ауылдың атауы қандай?
Дина Төлегенова Қарабұлақ ауылындағы ең үлкен дүкеннің иесі. Бизнесін үш жыл бұрын бастаған. Содан бері ішімдік сатқан емес. Одан табысым еш азайған жоқ, керісінше еселене түсті, - дейді кәсіпкер.
Дина Төлегенова, дүкен иесі:
- Ашылғаннан бері арақ, темекі сатпаймыз, насыбай да сатпаймыз. Жолдасымыз екеуміз солай шештік. Адал еңбегімізбен жұмыс істейік деп. Сұрап келетіндер бар. Біз айтамыз, біз сатпаймыз деп.
Ішімдік болмаған жерде қылмыстың да азаятыны анық. Соңғы 3-4 жылда мұнда ешқандай тәртіп бұзушылық тіркелмеген. Бірақ босаңсуға болмайды. Алдын алу жұмыстарын ақсатып алмау үшін учаскелік полиция инспекторы күніге ауылды бір аралап шығады.
Аманбек Әубәкіров, учаскелік полиция инспекторы:
- Ішімдіктің көп қылмысқа әсері бар ғой негізі, отбасылық жағдайда да. Енді кейінгі бір 3-4 жыл болды, бізде қылмыс тіркелмеген. Соның арқасында біз өзімізді, бұл ауыл өзі ішімдікке бейім болмағаннан кейін, өзімізді ішімдіксіз ауыл ретінде жариялауға ұсыныстар түсті. Соны ауыл жастары қолдады, үлкендер қолдады.
Қарабұлақ ауылында қазір 500 адам тұрады. Соның бестен бір бөлігі жастар. Көпшілігі спортқа үйір. Ауыл командасы облыстық, тіпті республикалық жарыстарда топ жарып жүр. Спорт кешенінде күрес, волейбол және жаттығу залдары жұмыс істеп тұр.
Ақжол Бейсенбай, Қарабұлақ ауылының тұрғыны:
- Үлкен кісілер зиянды заттан аулақ болыңдар дейді. Жоламаңдар, спортқа қатысыңдар дейді. Спорт денсаулық кепілі деп көбінесе айтып жатады.
Алақандай ауылда кәсіпкерлік те жақсы дамып келеді. Жергілікті фермерлер бірігіп, жыл сайын «үздік бизнес жоба» байқауын жариялайды. Басты талап – ауыл тұрғыны болу керек. Жеңімпазын өздері анықтап, қайтарымсыз қомақты қаражат береді. Осылайша келешекте елді-мекенге нағыз қажетті деген қызмет көрсету орындарын көбейтуді көздейді.
Аслан Рахымбергенов, Қарабұлақ ауылының әкімі:
- Сол жобаның аясында биылға дейін екі жоба сәтті жүзеге асты. Біреуі шаштараз қызметін ұсынған болса, екіншісі наубайхана жұмысын ұйымдастыру. Одан бөлек биылғы жылы «Ауыл аманаты» жобасы аясында үш жас әрбіреуі 5 миллион теңгеден несие рәсімдеп, бүгінгі күні сол несиесін алып, жұмыстарын жүргізуде.
Осынау игі бастамалардың барлығына ұйытқы болып, халықты ұйымдастырып, тың бастамаларымен көпшілікті таң қалдырып жүрген жас маман Аслан Рахымбергенов биыл республика бойынша «Ең үздік ауыл әкімі» атанды.
Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар