БҚО-да мүмкіндігі шектеулі адам шағын трактор құрастырды
Сарыкөл ауылында мүмкіндігі шектеулі ер адам өз қолымен шағын трактор құрастырып шықты.
Көлік жөндеумен айналысатын шебер алысқа ұзамай -ақ осындағы жарамсыз күйде жатқан қосалқы бөлшектер мен тұрмыстық жабдықтарды қолданған. Шебердің жаңа техникасын ауылдастары шаруашылыққа пайдаланып жүр.
Жанғали Сәпиев – 3-топ мүгедегі. Туабітті есту қабілеті бұзылған. Тілінің мүкістігі тағы бар. Әйткенмен оның өмірге деген құштарлығы бір сәтке де кеміген емес. Бала күнінен көлік жөндеуге икемі болған. Сол әдеті кейін ермегіне де, кәсібіне де айналды. Өзі құрастырып шыққан мына техника шаруашылыққа өте қолайлы.
Қанатқали Сәпиев, ағасы:
- Қазір шыққан китайский моторлар бар ғой су тартатын, свет жағатын. Соның моторы. Сол моторды қондырып, сосын соның астына «жигулидың» коробкасы арқылы екеуін бірге айналатын қылып қондырып, сосын мына коробка арқылы жүреді. Алды-арты төрт те төрт жүреді. Батпайды шамалы қарда.
Еркебұлан Смадияров, тілші:
- Бұл көлік сағатына 40 шақырым жылдамдықпен жүре алады. Жол талғамайды. Механикалық әдіспен басқарылады екен. Қазір айдап көрейін...
Өнертапқыш газ баллонын қақ ортасынан кесіп, қоқыс жинауға және қар күреуге ыңғайлы құрал ретінде көліктің алдына орнатыпты. Сонымен қатар тіркеме жасаған екен. Бұл техника енді ауылдастардың ортақ мүлкіне айналды.
Әйгерім Сәпиева, зайыбы:
- Сұрап жатады, иә. Сабан шығару күздікте, шарбағындағы топырақ, нелерді күреп бере қойшы, арт жақтағы қоқысқа шығарып берші деп. Қыста біздің шарбақты да күрей қойшы деп, азын-жоғын бензинін беріп, көмек алып жатады енді. Одан көмегін аямайды.
Жанғали көлік жөндеуге шебер. Ауылдастарының бәрі темір тұлпарын соған жөндетеді. Шебер былтыр мемлекеттік бағдарлама аясында 1 млн 250 мың теңге көлемінде грант иеленген екен. Сол қаражат есебінен дөңгелек жамау сервисін ашқан. Бұған қоса дәнекерлеуші болып та қосымша табыс тауып жүр.
Өтеулі Жұмашев, Сарыкөл ауылының тұрғыны:
- Машинаның барлық түрін қарайды. Двигательдерін де қарайды, ходовой часттерін де, бәрін қарайды. Бәріміз түсінісіп, бәріміз сонымен сөйлесеміз. Бұрын оқып жүрген кезінде бұның класындағы балалар Жораның (Жанғалидың) тілімен сөйлесетін еді. Көлік жүргізеді өзі. 2-3 көлік ауыстырған болар тоздырып-тоздырып. Бір жылдары ауылға су тартылмас бұрын мына жерде құдық болды. Содан бөшкемен су тасып, ауылды қамтамасыз етті ғой.
Сарыкөл ауылы маңында жыңғыл қаптап өседі. Елдімекенге газ желісі жеткізілгенге дейін ауылдық ағайын сол бұтаны отын ретінде пайдаланған. Ал Жанғали жыңғылды ұсақтап шабуға арналған құрылғы да жасап шығарыпты. Онымен отын дайындау әлдеқайда тиімді.
- Мынаның ішінде 2 балта бар. Балта қарама-қарсы айналдырғанда мына жақтан шығарып тұрады. Міне мынадай-мынадайдан шығарып тұр ғой.
Жанғали ауданда болған өнертапқыштар байқауында үздік атанды. Енді техникаларын облыстық кезеңде көрмеге қояды. Шебер алдағы уақытта шағын тракторын одан әрі жетілдіруді жоспарлап отыр.
Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов