Елімізде екі млн астам адам алпысты алқымдаған
Елде екі млн астам азамат 60-ты алқымдапты.
Қарттар үшін ең басты сый - жас буынның үлкендерге деген құрметі. Әсіресе жалғызбасты зейнеткерлер қашан да қоғамдық назарға зәру.
Жетпістің төртеуіне толған Евгений Минаков әлі тың. Күш-қуаты бойында. Қарттар үйінде тұрып жатқанына 2 жылдан асты. Қазір замандастарына бас-көз болып жүр. Жарты ғасырын медицинаға арнаған зейнеткер орталықтағы тәртіпке жауап береді.
Евгений Минаков, зейнеткер:
- Жұқпалы ауруларды емдейтін дәрігер болып жұмыс істедім. Негізгі қызметіммен бірге, қосалқы жұмыстарым да болды. Ерте тұрып, үйге кеш келетінмін. Өмірлік жолымның негізгі бөлігі осылай өтті.
Евгений Минаков зейнет жасында да дәрігер болып еңбек етті. Бірақ коронавирустан кейін денсаулығы сыр беріп, жұмысты тастауына тура келді.
Евгений Минаков, зейнеткер:
- Әйелім болды. Ұлым бар. Бірақ шетелде тұрады. Германияға көшіп кетті. Ол да медицина саласын таңдады. Ата-анам мен туған ағам қайтыс болды. Қазір жиенімнің отбасымен араласып тұрамын.
Бұл әлеуметтік орталық 208 зейнеткерге тұрақты пана. Әрқайсысының өз мұңы, тағдыры бар. Бірі мұнда өз еркімен келсе, бірі келуге мәжбүр болған. Тоқсанның тұғырына таяған Айғаным Ысқақова балалар үйінде тәрбиеленіпті. "Ерте тұрмыс құрғаныммен, сәби сүю бұйырмады", - дейді зейнеткер. Жолдасы өмірден озған соң қарттар үйіне келген.
Айғаным Ысқақова, зейнеткер:
- Өз пәтерім болды. Сіңлім тұрмысқа шықты. Жалдамалы пәтерде тұрды. Жолдасым қайтыс болған соң оларды өз үйіме шақырдым. Алғашқы 2 жыл тату-тәтті өмір сүрдік. Бірақ кейін арамыз суыды. Оның екі баласы болған соң өз еркіммен кетіп осында келдім.
Айғаным Ысқақованың қарттар үйінде тұрып жатқанына шамамен 20 жыл. Бірақ дәл бүгін көңілі көтеріңкі. "Шарапат" әлеуметтік орталығындағы мерекелік шат-шадыман күй бәріне жұғысты болды. Жүзіне шынайы күлкі үйірілген жан көп. Қарияларға қазір керегі тек осы.
Мирлан Алтынбек, Полина Зачиналова, Артур Горшняков, Дмитрий Димитриев