Елордада ауыл әйелдерінің алқалы жиыны өтеді

Ел халқының 51%-і – әйел.

Дегенмен олардың, әсіресе ауылдық жерлердегі әйелдердің шешілмеген мәселесі шаш етектен, – дейді Мәжіліс депутаты Қарақат Әбден. Толғандырған сұрақтарды талқылау мен оны шешу жолдарын қарастыру үшін ертең елордада «Ауыл» партиясы «Ұлт рухының ұясы – Ауыл-Ана» атты І республикалық алқалы жиын өткізбекші. Оған шалғайдағы елді мекендерден 300-ге жуық әйел қатысады деп жоспарланған. Шара барысында саяси ұйым гендерлік теңдік, нәзік жандылардың көшбасшылығын ілгерілету сынды өзекті мәселелерді қарастырмақ ойда.

Алқалы жиында ауыл әйелдерін қолдауға бағытталған «Мейірім құшағы» атты комиссияның жұмысы да таныстырылады. Оған «Ауыл» партиясының мүшесі, Мәжіліс депутаты Қарақат Әбден жетекшілік етеді.

Қарақат Әбден, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Ауылдағы әйелдер де жұмыс істегілері келеді. Сол жұмыс істеу үшін, кәсіппен айналысу үшін оларға мемлекет тарапынан арнайы программалар болу керек, кәсіби бағдарламалар. Осы күнге дейін бұндай бағдарламалар ұйымдастырылмаған. Сондықтан «Ауыл» партиясы осы бағытта жұмысты жоспарлап отыр. Әйелдердің проблемасы өте көп. Оны біз күнде әлеуметтік желіден білеміз, күнде бізге хат ретінде келіп тұрады. Әр кездесуде осы әйелдердің проблемасы көтеріліп жатыр.