Оңтүстіктегі Аққолтық ауылының халқы жаңа асфальт жолдың шарапатын көрді

Биыл Түркістан облысында 630 көшеге асфальт төселеді.

Бұған шамамен 30 миллиард теңге бөлінді. Қаражат «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы арқылы, сондай-ақ республикалық және жергілікті бюджеттерден қарастырылды. Мәселен Созақ ауданының өзінде 18 көшеге асфальт жабындысы төселсе, 11 көше орташа жөндеуден өтіп жатыр. Биыл асфальт жабындысы мүлдем төселмеген Жартытөбе ауылдық округіне қарасты үш елді мекеннің ішкі жолдары қалпына келтіріледі. Айта кетейік, Президент биылғы жолдауында автожол құрылысына, соның ішінде жергілікті жолдардың сапасына баса мән беру керектігін атап өтті.

Бақберген Рыспаев, Аққолтық елді мекенінің тұрғыны:

- Қазір балалар қуанып жатыр. Үйден шыққаннан асфальт мектепке жеткенше асфальт. Үсті де, аяқ-киімі де шаң болмай мектепке барып келуде. Көшеге жарықтандыру шамдарын орнатып берді. Сондай жұмыстар жүргені үлкен рахметімізді айтамыз.   

Данияр Жүнісов, Жартытөбе ауылдық округінің әкімі:

- Аққолтық елдімекенінде биылғы жылға «Инвест» бағдарламасы бойынша электр қуатының жетіспеушілігін жою мақсатында 81 электр бағанасын ауыстырып, қосымша қуаты жоғары трансформатор орнаттық. 3 елді мекенде 24 сағат ауызсумен қамтылған. Электр қуаты үшеуінде де бар. Сонымен қатар асфальт жолмен қамтылып, тұрғындардың пайдалануына беріліп отыр.