Талдықорғанда үздік спектакльдер сахналанып жатыр
"BIKEN" Халықаралық фестиваліне қатысып жатқан өнер ұжымдары үздік туындыларын сахналап жатыр.
Мысалы, Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры "Бернарда Альбаның үйі" қойылымын ұсынды. Испан жазушысы Гарсия Лорканың драмасы Қарағандыдағы республикалық театр фестивалінде бас жүлде жеңіп алды. Сонымен қатар Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тынышкүл Сұлтанбердиева екінші рөлдегі «Үздік әйел образы» аталымының иегері атанды. Енді міне, сол спектакль Жетісу жұртшылығына ұсынылып отыр.
Ескі көзқарастағы анасы отбасында темірдей тәртіп орнатады. Бірақ қатаң талап қатыгездікке ұласып, қыздары күңге, ал өзі тасжүректі адамға айналады. Күрделі образды еліміздің еңбек сіңірген әртісі Гүлжамал Қазақбаева сомдады.
Гүлжамал Қазақбаева, ҚР еңбек сіңірген әртісі:
- Ананың өз қыздарының бәрінің жеңіл жүрістен сақтау, қыздарына ие болудың қамын жасайды. Ең соңында артық кеткені білінеді. Бұл спектакльде аналарға перзентіңді жаныңмен қорғау дұрыс бірақ шектен шығып кетпеу дегенді түсіндіреді.
Отағасы қайтыс болған соң отбасында сегіз жылға қаралы күн жарияланады. Өзгелердің үйге кіруіне болмайды, бойжеткендердің де сыртқа шығуына рұқсат жоқ. Қойылымда төрт қабырғаға қамалған арулардың мұңы, сыры, өзара қызғанышы және еркіндікке ұмтылысы көрініс тапқан. Спектакль жасөспірімдердің талап тілегіне, таңдауына құрметпен қарауды үйретеді. Түптеп келгенде адам құқығы деген ауқымды, әрі өміршең тақырыпты көтерген.
Тынышкүл Сұлтанбердиева, ҚР еңбек сіңірген қайраткері:
- Адамзаттың еркінен айыру шектеу қою деген сол жағынан құнды болып тұр. Анасы бес қызын шектеу қойып үйде ұстау. Соған шектеу қойғанда бүлік басталады. Сол бүлік жақсылыққа әкелмейді. Жалпы адамның бас бостандығына шеутеу қою дұрыс емес. Сондықтан ешкім ешқашан ешкімге шектеу қоймасын.
Испан әнімен, биімен көркемделген спектакль трагедиямен аяқталады. Қызын мертіктіріп алған ананың күйініші, ет жүрегінің езілгені көрерменнің көзіне жас үйірді. Қалың көпшілікке ой салды.
Бақыт Сүлейменова, қала тұрғыны:
- Мен бұл спектакльден жаңашылдықты көріп отырмын. Өздерінің қолтаңбасы бар. Өнерді көздерінің жанып ойнауының өзі, Жарықтың қойылымы, режиссура, жастардың құлшынысы жастардың энергетикасы жақсы. Бірінші рет көріп отырмын. Жақсы әсер алып отырмын.
Бес мемлекеттен және еліміздің әр аймағынан келген театрлар қатысып жатқан "BIKEN" фестивалі 4 қазанда аяқталады. Шетелдік және отандық өнертанушылардан жасақталған әділқазылар үздік өнер ұжымдарын анықтайды. Сонымен қатар үздік актер, режиссер сынды аталымдар бойынша жеңімпаздарды марапаттайды.
Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов