Адвокаттық қызмет туралы заң өзгереді
Адвокаттарды тінтуге тыйым салынады.
Әрі олар заң негізінде қорғалады. Мәжілісте қазір тиісті заң жобасы қаралып жатыр. 122 адамнан тұратын жұмыс тобы 600 беттік құжатты пысықтауда. Алдағы уақытта адвокаттардың тергеу кезінде өз қорғауындағы азаматтармен еркін кездесуіне де жағдай жасалмақ. Түрлі қысым көрсетуді тоқтату да көзделіп отыр. Сонымен қатар заң жобасында адвокат пен прокурор арасындағы теңсіздікті жою ұсынылды. Жалпы қазір елде 6 мыңға жуық адвокат пен 45 палата бар. Оған ұзын ырғасы 12 мың заң консультанты мүше.
Магеррам Магеррамов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Егер біз осының бәрін заң жүзінде бекітсек, ол кезде барлық құқықтық жүйе өзгереді. Теңдік болады. Отыз жыл ішінде адвокаттардың заңды жұмысына кедергі келтіріп, қысым жасау кезінде бірде бір тұлға жауапқа тартылған жоқ. Әуелде заң жобасы 2025 жылы мақұлданады деп жоспарланған. Қазір құжат қызу талқыланып жатыр.