Теріс ағымның барлығына тосқауыл қоятын заң қажет

Дәстүрлі дін дегеніміз не?

Оның заңда бекітілген анықтамасы бар ма? Немесе қоғамға іріткі салатын деструктивті ұйымдарды анықтап, олармен жұмыс жүргізуде қандай іс атқарылып жатыр? Осындай өзекті сауалдардың жауабын іздеген Мәжіліс депутаттары бүгін бастама көтерді. Айтуларынша, ділге, тілге, жерге қарсы теріс ағымның бәріне тосқауыл қоятын заң керек.

Дінді жамылған теріс пиғылды саясатқа тоқтау салу мәселесін мәжіліс отырысында бірінші болып депутат Ермұрат Бәпи көтерді. Айтуынша, теріс ағымдар Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау мен Ұлытау және Алматы өңірінде белең алып барады.

Ермұрат Бапи, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Теріс діни ағымға қарсы қоғамның белсенді өкілдері әр жерден бұрық еткен уахабшылық дабыраға қал-қадірінше тойтарыс беріп жатыр. Бірақ біз әрбір локалдық күрестермен төніп келе жатқан теріс діни қатерге қарсы тұра алмаймыз. Сондықтан ендігі жерде «мемлекет діннен бөлек» немесе «дін мемлекеттен бөлек» деп, сырттай бақылаушы болып, самарқау отыруға болмайды. Мұндай саяси тоғышарлық позиция біздің ұлттық тұтастығымыз бен мемлекеттік бірлігімізге бірте-бірте ор қазып жатқынын түсінетін кез келді.

Осылай деген депутат Үкімет басшысы мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасына жолдаған сауалында теріс ағымдарға түбегейлі тыйым салу үшін нақты заң қабылдау жөнінде ұсыныс тастады. Мәжілістегі өзге  депутаттар да бұл бастаманы қолдады.

Қазыбек Иса, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Шетелде күмәнді жерде оқып келеді. Желіге шығып алып, желпініп алып біздің ұлттық бірлігімізге, ел бірлігіне, жалпы біздің ұлттық дәстүрімізге теріс уағыздар айтылады. Теріс дәрістер оқиды. Мысалы, қазақтың ең аяулы ана дегенмен қатар аталатын шеше деген атын неғылды кешек?  Қастерлі сөзге шеше деген қаракүйе жақты. Ел үшін ең қымбат нәрсе не ол? Ұлты. Ел үшін қымбат нәрсе ұлтына, адам үшін ең аяулысы әке-шешесіне, қазаққа ең адал домбыраға қарсы харам пиғылды қарекеттері еркін тарап жатқан, елдің түбіне жететін қауіпті вирустарын тоқтату үшін тек қана заң керек.

Деструктивті діни ағымдарға қарсы тұру мәселесі осыдан 10 шақты жыл бұрын да көтерілген еді. 2011 жылы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» қабылданған заңның берген нәтижесі сол  - теріс пиғылды ұйымдардың бірсыпырасы жабылған.

Аманжол Әлтай, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Бізде ұлттық идея толық жұмыс істеуі керек. Сондықтан да идеологиялық жұмыстар болу керек. Мына телеарнада, зиялы қауым өкілдері, біздің басқа да идеологиялық жұмыстиың ең маңызды тетіктері осыған атсалысуы керек. Мына отыз жылдың ішіде, кешегі ескі биліктің тұсында осы ұлттық идеологияға мән берілмегендігі , ұлттық құндылықтарға жеткілікті мен берілмегендігінің салдарын бүгін көріп жатырмыз.

Теолог маман қолданыстағы заңда дәстүрлі дінге қатысты нақты анықтама берілмегенін айтады. Деструктивті діни ағымдар қоғам құрылымын бұзатын, соған қарсы келетіні туралы түсінік бар.

Кеңшілік Тышханұлы, теолог:

- Заңнамаларда деструктивті дегеннің анықтамасы жоқ. Ол қандай жағдайда деструктивті болады? Қандай қадам басқаннан бастап деструктив болады? Егер біздің ұлттық құндылығымызға, ұдттық аспабымызға, ұлттық киімімізге, дәстүрімізге тіл тигізген жағдайда дегендей соның өзінің анықтамасы жоқ.

Теолог Кеңшілік Тышханұлы дәстүрлі діни ұстаным мен радикализмнің аражігі заңмен белгіленбеген соң, нақты критерийлері жоқ дейді. Қолданыстағы заңға сәйкес қоғамды алауыздыққа бастайтын іс-әрекеттердің жазаланбайтынын сонымен байланыстырады. Ел ішін деструктивті діни ағымдардан тазарту үшін заңды күшейту - уақыт талабы.

Бақыт Топтаева, Ербол Дайыров