СҚО-да бір әулетте 23 адам ұстаздық жолды таңдаған
Солтүстік Қазақстан облысында бір әулетте 23 адам ұстаздық жолды таңдаған.
Олардың жалпы еңбек өтілі 600 жылдан асады. Қазір мұғалімдер отбасының үшінші ұрпағы білім саласында табысты еңбек етіп жүр.
Бұл әулеттің ұстаздық жолы Екатерина Ыбыраеваның әжесінен бастау алады. Ол кісінің ізін бес баласы мен немерелері де жалғады. Қазір күйеу бала, келіндерімен санағанда барлығы 23 жан білім беру саласын таңдаған. Олардың еңбек өтілі 6 жарым ғасырға жуықтайды.
Екатерина Ыбыраева, "Дарын" мектеп-лицейінің мұғалімі:
- Біздің отбасымызда барлығы дерлік мұғалім. Әжем, оның балалары, ата – анам бәрі де ұстаздық етті. Сондықтан мамандық таңдауымда кім боламын деген сұрақ туындаған емес. Мен олардың еңбегін көріп өстім.
Екатерина Ыбыраева Петропавлдағы «Дарын» мектеп – лицейінде бастауыш сынып мұғалімі болып жұмыс істейді. «Оның сабақтары өте қызықты өтеді», - дейді оқушылары.
Таисия Андреева, мектеп оқушысы:
- Біздің мұғалім – Екатерина Валерьевна өте мейірімді адам. Арасында қатал, бірақ әділ. Маған оның математика сабағы ұнайды. Бәрін жақсы түсіндіріп айтады.
Бұл ұстаздың жолын таңдаған жалғыз отбасы емес. Мысалы, Петропавл қаласы бойынша осындай ондаған мұғалімдер династиясы бар.
Мөлдір Бейсенова, қалалық білім бөлімінің инспекторы:
- Қазір қаламыздың 80 білім беру ұйымында 30 – дан аса мұғалімдер династиясы жұмыс істейді. Олар мектептерде, қосымша білім беру және балабақшаларда еңбек етеді.
Ұстаздың еткен жалықпас, үйретуден балаға! Бұл жандардың еңбегі орасан зор. Олар ұрпақ тәрбиесі жолында аянбай тер төгіп келеді.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов