Ұлағатты ұстаздың ұстанымы
Шет тілін терең меңгеру – білімді арттырудың бір жол.
Бұл мыңдаған шәкірт тәрбиелеген ақтөбелік ұстаз Наталья Пеннердің ұстанымы. Ағылшын тілі пәнінің мұғалімі білім бағдарламаларын әзірлеуге үлес қосып келеді.
Наталья Пеннердің әр сабағы балалармен тығыз байланыста өтеді. Оқушыларға сұрақ қойып, жауап алады және осы әдісі арқылы түрлі тапсырманы сабақ үстінде орындатуға үйретеді. Бұл қырық жылдық еңбек өтілінде жинақтаған тәжірибенің бірі ғана.
Наталья Пеннер, №23 мектеп-лицейінің мұғалімі:
- Ең бастысы - балаларды түсіне білу. Олармен тең дәрежеде болу. Егер өзіңді оқушылардан жоғары қойсаң, онда сабағың зая кеткені. Балалармен тілдесу керек. Әзілдеп сөйлесу де нәтиже береді.
Ұлағатты ұстаздың талай белестерді бағындырған шәкірттері жетерлік. Тек өткен оқу жылының қорытындысы бойынша бірнеше түлегі Еуропаның белді оқу орнына түскен. Өзінің де жеткен жетістігі ауыз толтырып айтарлық. Абыройлы еңбегі еленіп, әр жылдары түрлі марапатқа ие болды. «Қазақстанның үздік ұстазы» және «Білім саласының үздігі» деген атағы бар.
Тимур Тайбогаров, оқушы:
- Мұғаліміміздің сабағы өте қызықты өтеді. Біз ағылшын пәнінде аудио-бейне жазбаларын тыңдап, сұрақтарға жауап іздейміз. Көңілді, тартымды. Түсініксіз тапсырмаларды орындау жолын сұрастырсақ, ақыл-кеңесін де айтады.
Наталья Пеннердің білім саласын дамытуға қосқан үлесі де жоқ емес. Ол педагогтердің біліктілігін арттыруға арналған курс бағдарламаларын жасады. Оқу-әдістемелік құралдар әзірлеуге де көмектесіп келеді. Әрі жас мамандарға да бағыт-бағдар беріп, қашанда қолдауға әзір.
Тамара Албаева, қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі:
- Наталья Александровнамен осы мектепте біраз жылдан бері жұмыс жасап келемін. Өте тәжірибелі, жоғары санатты, Қазақстанның үздік педагогы. Мынандай сөз бар. 40 жыл ұстаз болсаң да, 40 минуттық сабаққа дайындалуға мен міндеттімін. Қаншалықты енді жұмыс жасаймыз біз, соншалықты жітіліп отыруымыз керек. Және балаға сондай білім беріп отыруымыз керек.
Білікті педагогты үлгі тұтып, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болған әріптестері де бар. Тіпті қызы шет тілінен сабақ беріп жүр.
Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Айнадин Молдабеков