«BIKEN» І халықаралық театр фестивалі қорытындыланды
Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры Талдықорғанда өткен «BIKEN» бірінші халықаралық театр фестивалінің бас жүлдесін жеңіп алды.
Бұл марапат аталған өнер ұжымына Дина Жұмабайдың «Бернарда Альбаның үйі» қойылымы үшін берілді. Олар 1 млн теңге көлеміндегі қаржылай сыйақыға ие болды. Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театры күллі түркі дүниесіне ортақ ТҮРКСОЙ ұйымының арнайы жүлдесін алды. Бикен Римова атындағы арнайы сыйлық Жүсіпбек Аймауытов атындағы Павлодар облыстық театрына «Ұждан» спектаклі үшін берілді. «Ең үздік ер адам бейнесі» аталымы бойынша Нұрмұхан Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театрының актеры Жанғазы Рысқұл марапатталды. Ал «Ең үздік әйел адам бейнесі» номинациясы Астана қалалық «Музыкалық жас көрермен театрының» актрисасы Шынар Қалдыбайға «CHANEL №5» қойылымындағы Жанбике Шанинаның ролі үшін берілді. Биыл 100 жылдығы аталып өтіп жатқан көрнекті театр және кино актрисасы Бикен Римова атындағы бұл халықаралық театр фестивалі алдағы уақытта тұрақты ұйымдастырылып тұрады.
Талғат Қамқабайұлы, Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының директоры:
- Мұның алдында республикалық Қарағанды облысында «Сын шын болса» фестивалінде бас жүлде алған болатынбыз. Міне, артынша бір апта салып екінші рет осы бас жүлдені алып жатырмыз. Бұл біздің ұжымның еңбегі. Күндіз-түні жұмыс істеуінің арқасы деймін. Ұйымдастыру өте жоғары деңгейде өтті. Түркітілдес мемлекеттердің бәрінің басын қосқан сондай үлкен фестиваль өтті. Той тойға ұлассын!