Еліміздің транзиттік әлеуеті артады

Алдағы жеті жылда Қазақстан арқылы өтетін транзит көлемі 35 млн тоннаға дейін ұлғаяды.

Бұл еліміздің көлік-логистикалық әлеуетін дамыту тұжырымдамасында белгіленген көрсеткіштер. Транскаспий халықаралық көлік бағыты мен Солтүстік-Оңтүстік дәлізінің жүктемесі артқан. Үкіметтің телеграм каналында хабарланғандай, қазір баламалы көлік дәліздерін дамыту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мәселен, былтыр күзде Қазақстан, Әзербайжан, Грузия және Түркиямен келісе отырып, транизиттік әлеуетті дамытудың «Жол картасына» қол қойды. Құрық портын толыққанды логистикалық кластер ретінде қалыптастыру міндеті қойылған. Қазір оның кешенді жоспары әзірленіп жатыр. Ал Ақтау теңіз портында Каспий «контейнерлік хабының» құрылысы басталған. Бұдан бөлек, былтыр Достық-Мойынты учаскесінде екінші жолдардың құрылысы басталды. Бұл транзиттің 5 есеге дейін ұлғайып, Қытай мен Еуропа арасындағы тасымалдау көлемі артуына мүмкіндік бермек. Сондай-ақ еліміздің Өзбекстан мен Қытайдың шекарасында теміржол желісін салу жоспарланған.