Ақмола облысындағы бес ауданға жаңа әкім сайланады
Атап айтсақ, Шортанды, Ақкөл, Есіл, Жақсы және Астрахан аудандарының жаңа басшысын жергілікті халық өзі таңдайды.
Қазір осы аймақтарда саяси науқанға дайындық қызу. Бүгінгі таңда облыс бойынша 20 кандидат ұсынылған. Олардың қатарында саяси партия өкілдері мен өзін-өзі ұсынған азаматтар бар.
Жақсы ауданының тұрғындары алдағы сайлаудың жауапкершілігін сезінеді. Себебі, алғаш рет аудан басшысын өздері сайлайды. Сондықтан, халық жаңа әкімге үміт артады. Өйткені, ауданда қордағаланған мәселе көп.
Блиц:
- Жаңа әкім су, жарық, жол жағдайын білу керек. Адамдардың жағдайында білу керек. Жарты адамдар қазір жұмыссыз жүр.
Жалпы аудан бойынша 10 мыңнан астам адам дауыс беруге құқылы. Ал аудан әкімі болам деген әзірге бір ғана кандидат ниет білдірген.
Рината Тлепова, Жақсы аудандық сайлау комиссиясының төрайымы:
- Қазіргі уақытта 25 сайлау учаскесі ұйымдастырылды. Онда 133 сайлау комиссиясының мүшелері жұмылдырылған. Бүгінгі таңда барлық ауылда саяси науқанның өту барысы жайлы түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Қазіргі уақытта аймақта 65 сайлау учаскесі әзірленіп жатыр. Үміткерлерді тіркеу 5 қазанға дейін жалғасады. Әзірге, ең көп кандидат Ақкөл ауданында тіркелген. Онда жеті үміткер өз кандидатурасын ұсынған.
Николай Политкин, облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары:
- 20 кандидаттың алтауы саяси партиялардың атынан ұсынылды. Ал 14 үміткер өзін-өзі ұсынғандар. Жалпы кандидаттарды заң тұрғысынан тексеріп жатырмыз. Нәтижесінде 20 үміткердің екеуі негізгі талапқа сәйкес болмай шықты. Енді олар саяси науқанға қатыса алмайды. Ал бір кандидат сайлауға қатысудан өзі бас тартты.
Пилоттық жоба негізінде аудан әкімдерін сайлау кезең-кезеңімен жүргізіледі. Мәселен, 2025 жылға дейін аймақтағы барлық аудан, қала әкімдері сайланады. Яғни, биыл халық бес ауданның әкімін таңдаса, келер жылы да бес аймақтың басшысы сайланады деп жоспарланған.
Авторлары: Абзал Балтабаев, Евгений Шикорека