Түркістанда үздік мұғалімдер марапатталды
«Ұстазыма мың алғыс» мерекелік іс-шарасы аясында облыстағы 300-ге жуық педагогқа құрмет көрсетілді.
Шараға Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды қатысып, мұғалімдерге ақжарма ақ тілегін арнады.
Салтанатты жиында өңірдегі білім саласына еңбегі сіңген 2 ардагер ұстазға облыстың «Құрметті азаматы» атағы берілді. 6 ұстаз «облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалімен мараптаталды. 21 мұғалімге облыс әкімінің «Алғыс хаты» мен 200 мың теңге қаржылай сыйақы табысталды. Қошеметке бөленгендердің бірі – Гауһар Диханқызы. Ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Испанияда білімін жетілдіріп келген. Қазір Келес ауданында жемісті еңбек етуде.
Гауһар Диханқызы, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі:
- Еуропалық білімнің инновацияланған түрін өзімнің еліме алып келгеніме дән ризамын. Мен алған мүмкіндікті басқа оқушыларыма, шәкірттерге, мұғалімдерге үйретіп, өз тәжірибеммен бөлісуді, барынша таратуға кірістім. 1 жылдың өзінде оқушыларымның 80%-ы грантқа түсті. Соған бір септігім тисе қуаныштымын.
Сондай-ақ ардақты жандар ұлықталған мерекеде 80 ардагер ұстазға құрмет көрсетілді. Аймақ басшысы олармен пікір алмасып, ұсыныстарын тыңдады. Өңірдегі білім сапасын көтеру мақсатында жасалып жатқан жұмыстармен таынстырды.
Дархан Сатыбалды, облыс әкімі:
- Президенттің арнайы тапсырмасы бойынша облыста 63 «Жайлы мектептің» құрылысы басталды. Мазмұн мен сапа жағын қамтуға мән беріп отырмыз. Осы бағытта жүзге жуық облыс мұғалімдерін шетелдік озық тәжірибені жинақтау мақсатында халықаралық рейтингі жоғары саналатын Жапония, Оңтүстік Корея елдеріне оқу-тәжірибелік семинарға жіберуді жоспарлап отырмыз. Шетелдік іссапар аладғы 1 жылда кезең-кезеңімен іске асырылатын болады.
Бұдан бөлек, «Болашақ» стипендиясымен 50 мұғалімді шет елдерде арнайы тәжірибеден өткізу көзделіп отыр. Ең маңыздысы 1 қыркүйектен бастап балабақшада еңбек ететін 13 мың қызметкердің жалақысы 30%-ға өсті. Авторлары: Жандос Жұмабек, Қуаныш Әбуов