МӘМС: Бірыңғай жиынтық төлем болмайды
Қызылорда облысында медициналық сақтандыру жүйесінен тыс қалып отырған азаматтардың басым бөлігі табысы тұрақсыз маусымдық қызметкерлер.
Олардың көбісі ауылдық жерлерде тұрады. Мәселен бір ғана Жалағаш ауданының өзінде 5 мыңдай адам сақтандырылмаған. Ал аймақ бойынша 127 мың сырбойылық медициналық жүйеге кіруге құлықсыздық танытқан. Алдағы жылдың 1қаңтарынан бастап өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру және зейнетақымен қамсыздандыру қорына жарнаны өз бетінше төлеуі тиіс. Қазір жеке тұлғалардың табысын декларациялау кезең-кезеңімен енгізілу үстінде. 2024 жылы сақтандырылған деген мәртебесін жоғалтпау үшін азаматтар жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, ең төменгі жалақы мөлшерінің 5% төлеуге міндеттеледі.
Бақыт Исмаханбетов, МӘМС қорының облыс бойынша филиал директоры:
- 60% астамы бірде-бір рет қорға жарна төлемеген азаматтар екенін көреміз. Бұлар негізінен жағдайлары жақсы азаматтар. Олар басы ауырып, балтыры сыздай қалған жағдайда өз қалтасынан шешеді. Шын мәнінде төлеуге шамасы келмейтін азаматтар бар. Оларды жоқ деп айтуға болмайды. Әлеуметтік жағынан аз қорғалған барлық азаматтар мен отбасылар мемлекет қамқорлығында болу керек.