Министр медициналық сақтандыру жүйесіне тіркелмегендерге шектеу қоюды ұсынды
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруы жоқ азаматтарға көлік айдауға және қару сақтауға шектеу қою.
Бүгін Парламент қабырғасында денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният осындай ұсыныс айтты. Бүгінде елде 3,3 млн адам сақтандыру жүйесінде тіркелмеген. Бұдан бөлек қорға жасалатын аударымдардың жоғары шегін алып тастау көзделіп отыр. Себебі қазір 700 мың теңгеден жоғары жалақы алатын азаматтар шамадан тыс ақша аудара алмайды. Бұл шектеулерді алып тастау керек. Сонда қордың қаржылық тұрақтылығы да түзеледі, дейді министр.
Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
-2025 жылдан бастап әр азамат міндетті салықтық декларациясын тапсырады. Сол арқылы сақтандырылмаған азаматтардың табысы белгілі болады және шамамен 700 мың адам МӘМС жүйесіне енгізу көзделген. Табысы төмен, ауылдық жерлерде тұратын шамамен 1,5 миллион адам бюджеттік қаражат арқылы сақтандырылады. 2026 жылға қарай халықтың кемінде 95 %-ын қамту.