Солтүстік өңірлерде суық тиіп сырқаттанғандар көп
Солтүстік Қазақстан облысында соңғы аптада 1 340 адам жедел респираторлық вирустық инфекцияға шалдықты, деп хабарлайды «Хабар 24».
Бұл былтырдың осы кезеңімен салыстырғанда 25%-ке көп. Мұндай жағдай еліміздің басқа да өңірлерінде байқалып отыр. Ал тұмау әзірге тіркелген жоқ. Бірақ мамандар алдағы айларда бұл дерттің ушығуы мүмкін деп болжап отыр.
Солтүстік Қазақстан облысында суық тиіп ауырғандардың саны күрт өскен. Қазір өңірде жедел респираторлық вирустық аурулар мен тұмауға қарсы вакциналау жүріп жатыр. Осы мақсатқа 60 мың дана вакцина сатып алынды.
Айнаш Сағындықова, Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бас маманы:
- Бүгінгі таңда СҚО-да ЖРВИ бойынша эпидемиологиялық жағдай маусымдық сырқаттанушылықтың өсуімен сипатталады. Өткен аптада 40-ыншы аптада СҚО-да ЖРВИ-дің 1339 жағдайы тіркелді.
Ал Қостанай облысында респираторлық вирус тіптен өршіп тұр. Ауру жұқтырғандар саны 100 мың тұрғынға шаққанда 400-ден астам адамнан келеді. Ал тұмау әзірге тіркелмеген. Бірақ алдағы айларда кең белең алуы мүмкін. Қазір оның алдын алуға жаппай вакциналау жүріп жатыр. Өкінішке қарай, бұл шараға бейжай қарайтындар бар, - дейді дәрігерлер.
Инна Соколова, дәрігер-эпидемиолог:
- Былтыр коронавирусқа қарсы жаппай вакциналаудан жұртшылықтың жүрегі шайлығып қалған сияқты. Әрине, келушілер аз деп айтпаймыз. Арасында алдымен дәрігердің кеңесіне жүгініп, клиникалық зертхана тексерісінен өтіп алатындар бар. Қысқасы, екпеге аса сақтықпен қарайды.
Инфекциялық ауруға қарсы вакцина жеткілікті, - дейді жергілікті мамандар. Және оның бәрі тегін. Ал Ұлытау облысы тұрғындарының 15%-і ақысыз вакцина алады. Олар – 65 жастан асқан азаматтар, созылмалы аурулары бар науқастар, 15 жасқа дейінгі балалар мен жүкті әйелдер. Қалғандары қалап жатса, төлеуге міндетті.
Гүлсара Аймурзинова, Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бас маманы:
- Биылғы жылғы жоспар – 37 мың адамды егу. Ол тегін. Бірақ ең бірінші – егілетін тәуекел тобындағы азаматтар. Облыста вакцинация жеткілікті көлемде. Алам деушілер ақылы түрде де алуға болады немесе жұмыс беруші есебінен алса да болады.
Мамандардың айтуынша, биыл тұмау қараша, желтоқсан айларында белең ала бастайды. Ал келер жылдың басында шарықтау шегіне жетеді деп күтіліп отыр.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг.