Қазақстандық құтқарушылар Ауғанстанға аттанды
Олардың қатарында Республикалық жедел құтқару жасағының мамандарымен қоса кинологтар мен дәрігерлер бар, деп хабарлайды «Хабар 24».
Барлығы 45 адам мінген Ил-76 жүк ұшағы бүгін Алматы әуежайынан шықты. Бортта құтқару техникалары да бар. Жасақтың құрамындағылардың бірқатары Түркиядағы зілзаланың салдарын жоюға қатысып, тәжірибе жинақтаған.
Еске сала кетейік, 7 қазан күні Ауғанстанның батысында орналасқан Герат провинциясында қуаты 6 балдан жоғары жер сілкінісі болған еді. Герат – Ауғанстандағы ірі қалалардың бірі. Шаһарда 500 мыңға тарта халық тұрады. Табиғи апаттан 2,5 мыңға жуық адам көз жұмып, мыңдаған адам жарақат алды. Үйлер қирады. Осы қиын жағдайдан кейін Мемлекет басшысының тапсырмасымен Ауғанстанға құтқарушылар жіберу туралы шешім қабылданды. Қазақстандық құтқарушылар зілзаладан қатты зардап шеккен қала маңындағы 4 елді мекеннің тұрғындарына көмек көрсетеді деп жоспарланып отыр. Оған қоса ертең ауған еліне гуманитарлық көмек жөнелтіледі.