Израильден 124 қазақстандық азамат елге оралды
Тель-Авив қаласына отандастарымызды алып қайтуға репатриациялық рейс ұйымдастырылған болатын.
Сол әуе кемесі кеше түнгі сағат 12-ге таман Алматыға келіп қонды. Бортта барлығы 166 жолаушы болды. Оның 42-сі шетелдік. Әуежайда оларды туған-туыстары мен дос-жарандары күтіп алды.
Ақтөбелік дәрігер Қарлығаш Өтепбергенқызы Израильдің Хайфа қаласына тағылымдамадан өтуге барған. Келгеніне екі аптадай ғана болыпты. Елде қақтығыс басталған соң ондағы оқытушылары қайтуға кеңес берген. Айтуынша, қасында өзі сияқты оқуға барған қыз-жігіттер бірі-біріне барынша қолдау көрсеткен. Бәрі қауіпсіздік үшін бомбадан қорғанатын жерге барып түнеген.
Қарлығаш Өтепбергенқызы, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
- Рюкзакты қасымызға прямо алып жаттық. Сосын бізге бомбаубежище нөмерін беріп қойды бізге. Сирена күттік. Сирена ойналған кезде қашуға дайын болдық. Болашақтың тағдыры қиын болып тұр. Өзімізге қатыса алмай қалғанымыз қиын болып тұр қатыса алмай қалғанымыз өкінішті.
Ал астаналық Айгүл Әбдікерова немересімен Израильдың Герцлия қаласында тұратын қызына қыдырып барған. Бір ай болып, 8 қазан күні елге оралуы тиіс еді. «Сол алған билетіммен осы ұшаққа отырдым. Соғыстың аты аты аулақ. Өз жеріме таба тірегеніме қатты қуанып тұрмын»,дейді.
Айгүл Әбдікерова, Астана қаласының тұрғыны:
- Қорқыныш болды. Сирена ойнады. Қорықтық. Бомба убежищеге тығылдық. Жүрегіміз тарсылдап. Әрине оңай емес қой.
Отандастарымызды елге алып қайту үшін ұйымдастырылған арнайы рейс кеше таңғы сағат сегізде Алматыдан ұшып шықты. Ал Тель-Авивтен біздің уақыт бойынша түстен кейін сағат 5-ке таман көкке көтерілген. Әуе кемесіне 166 жолаушы отырды. Олардың екеуі бала. Ұшақ Ақтау қаласына аялдап, түнгі 12 ге таман Алматы әуежайына келіп қонды.
Тілек Абдрахимов, Air Astana әуе компаниясының менеджері:
- Қазақстандықтарды Тель-Авивтен шығарып алу оңайға түспеді. Өйткені біздің басшылыққа тәуекелдер мен қиындықтарды ескеруге тура келді. Өйткені жағдай күрделі. Дегенмен қазақстандықтардың өмірін сақтау үшін осындай шешімге келді. Бұл Эйр Астананың күшімен ғана емес елшіліктің көмегімен осындай нәтижеге келдік.
Жолаушыларды ұшаққа отырғызатын кезде басқа күнге алынған билет түгелдей жарамды деп танылды. Билеті жоқ азаматтарға арнайы төмендетілген тариф ұсынылды. Жалпы Израиль мен Қазақстан арасындағы әуе қатынасы 5-ші қазаннан бастап түгелдей тоқтады. Әзірге оның қашан қалпына келері белгісіз.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Әбен Нарымбаев