Тараз қаласының маңына отырғызылған мыңдаған көшет қурап қалды

Тек 20 пайызы ғана тамыр жайған. Жергілікті билік өткен жылы шаһар шетінде «Жасыл белдеу» құруды қолға алған болатын.

Алайда жүйелі күтім болмаған соң бюджеттің млн-даған теңгесі желге ұшып, еңбек еш болды. Заң бұзушылықты табиғат қорғау прокуратурасы анықтады.

Жергілікті биліктің Тараз қаласының іргесінен «Жасыл белдеу» құрсақ деген жоспары іске аспады. 10 гектар жерге отырғызылған 12 мың түп көшет қурап кетті. Оны күтіп-баптауға жергілікті бюджеттен 8 млн теңгеге жуық қаржы жұмсалған. Алғашында жас көшеттерге су көлікпен жеткізіліп тұрған. Кейін арық суымен де суғарылыпты. Бірақ, дұрыс күтім болмаған соң көшеттердің 80%-ы қурап қалған.

Батухан Сейтқалиұлы, қалалық ТҮКШ бөлімінің маманы:

- Ағаштарды күтіп-баптау «Жасыл-ел Тараз» мекемесіне жүктелген болатын. Алайда олар көшеттердің өнбеу себебін топырақтың құнарсыздығы мен судың жетіспеушілігімен түсіндірді. Тіршілік нәрін қанып ішпегендіктен көшеттердің көпшілігі қурап кеткен. 

Ал мына саябақ қала тұрғындарының демалытын орны. Мұнда жеке кәсіпкер 200 түп ағаш көшетін отырғызған. Себебі ол осында нысан құрылысын жүргізу үшін мамандардың рұқсатымен 20 түп ағашты кескен болатын. Алайда тұрғындар күтімі дұрыс болмағандықтан олар да өнбей қалғанын айтады.

Сауалнама:

- Күтім жасамаса, қалай ол жапырақ жайып өседі. Егіп-егіп тастап кетпеу керек. Суғарып тұруы керек жи-жиі. Бір мәрте ме, екі мәрте ме, су құйды. Ешқандай мән берген жоқ бұған. Тал ектік деп көңіл бөлген жоқ.

- Жас талдарды суғңармаса ол тамырын тереңге жіберіп, өсе алмайды ғой. Саябақтарымыз көп, жақсы. Бірақ соған кішкене күтім керек. Қарау керек.

Тәжірибелі эколог - Римма Төрегелдиева мәселе топырақта емес, дұрыс күтіп-баптау мен суғаруда екенін айтады.

Римма Төрекелдиева, Тараз өңірлік университетінің экологы:

- Әрине соншалықты бір тыңайтқыш беріп, қоректендіріп жатқан жоқпыз. Органикалық тыңайтқыш берсек, жақсы жетіліп өсер еді деген ойдамын. Көбіне бізге қарағаш бейім келеді. Қарағаштың ауадағы зиянды заттарды сорып алу қасиеті бар. Сол себепті біз қарағашты көбірек егеміз.

Қаланы көгалдандыру мен ағаш егуде кеткен кемшіліктерді облыстық мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы анықтады. Мәселен қала аумағында соңғы 3 жыл бойы кесілген ағаштардың орнына егілуі тиіс 5,5 мыңнан астам көшет отырғызылмаған. Сонымен қатар 2014 жылдан бері қала аумағындағы ағаштардың тізімі жасалмаған. Құзырлы орган араласқаннан кейін ғана жауаптылар бюджетке өтінім берген. 

Дәурен Көбеев, Жамбыл облысы мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының прокуроры:

- Заң бұзушылықты жою үшін біз қадағалау актісін енгіздік. Соған сәйкес, жергілікті билік тиісті шаралар қабылдауы тиіс. Олай болмаған жағдайда біз жауапкершілікке тартатын боламыз. Ағаш егуде заң бұзушылыққа жол берілген. Ол бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылады және келтірілген шығын өтеледі. Сонымен қатар келтірілген залалды ағаш отырғызу арқылы өтеу жайын да қарастырамыз.

Биылғы жоспар бойынша 65 млн теңгеге бес жарым мың көшет отырғызу жоспарланған. Көбі ерте көктемде егілген. Ал бұл іске жауаптылар қалғанын қыс түспей отырғызып үлгереміз дейді. Ең бастысы, бюджет қаржысы талан-таражға түспей, егілген көшеттер қараусыз қалмаса болғаны.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Анастасия Сулейманова, Бакытжан Бапаев